Шымкентте карантин режимінде жұмысын тоқтатпағандардың бірі «Жастар практикасы» бағдарламасы. Биыл орталық қаладағы 2000 жасты жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Ол үшін қойылатын басты талап, жоғарғы білім мен 30 жасқа толмау. Ал, өтініштерді қазірден бастап қабылданады.

Фируза Шарипованың Қаратау ауданы әкімдігіне жұмысқа кіргеніне бірнеше ай. Ол бұл қызметіне «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы орналасқан. Жоғарғы білімді басқа мамандық бойынша алған ол мемлекеттік қызметке енді-енді бой үйретіп жүргенін айтады. Және бұл саланың жанына жақын екенін түсінген.

Биыл «Жастар практикасы» 2000 жасты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Екі қолға бір күрек ұстағандарға 70 мың теңге айлық төленбек. Айта кетейік, жұмысқа өтініш беру карантин кезінде де тоқтатылған жоқ. Өтініш Егов кз электронды парталында қабылданады. Басты талап жұмыс іздеген жастың жоғары білімі болып, 30 жасқа толмауы керек.

Одан кейін жұмысқа кіріскен жас маманға ұжымда өзін жан-жақты көрсету міндет. Егер тәжірибе кезінде іскерлігін дәлелдесе, маман жұмысын тұрақты түрде жалғастырады. Айта кету керек, бүгінде Шымкент қаласында тәрбиешілер, медицина қызметкерлері, заңгерлер, жеделсаты және құрылыс мамандары сұранысқа ие.

Назерке Үкібасова