Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қалалық білім басқармасы бірлесе білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша онлайн жиын өткізді.

Шараға Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева, басқарма қызметкерлері мен мектеп, колледж директорлары қатысты.

Шара барысында Талғар Серікбаев білім беру саласының өкілдерін оқу жылының аяқталуымен құттықтай келе, білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған ағымдағы жұмыстар туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, ол білім беру ұйымдарында кез келген алым-салымға тыйым салынатындығы жөнінде қатысушыларды ескертті.

Шара барысында қатысушылардан оқу жылының аяқталуына орай кез-келген қаражат жинау сыбайлас жемқорлық фактілері ретінде қарастырылатындығы жөнінде өз қызметкерлері мен ата-аналар арасында түсіндіру сұралды.

Өз кезегінде қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, әр білім мекемелерінің басшыларына ақша жиналмау қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ, мектеп директорлары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ақша жинамау мақсатында ата-аналармен, сынып жетекшілерімен, пән мұғалімдерімен жүргізілген түсіндіру жұмыстарымен таныстырды.

Айта кетейік, биыл қалада 8 885 оқушы мектеп бітіріп отыр. Оның ішінде 546 «Алтын белгі» иегері және ерекше атестат алатын 356 түлек бар.