Елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады.

Мәселен, кешеден бері Шымкенттегі әуежай жұмысы қайта жандандырылса, ал теміржол, автовокзалдар әлі карантинде.

Шаһардағы «Самал» автовокзалы жабық. Қайнап жататын аймақта қазір тып-тыныш, жолаушылар, бағыттағы газельдер де көрінбейді. Қалада тек бұл емес, өзге де автовокзалдар әлі карантинде. Әзірге облыс, қала, ауданаралық бағыттарға қатынауға рұқсат берілмеген.

«Ешқандай көліктер жүріп жатқан жоқ, тоқтап тұр». Жұмысты бастау  жөнінде қаулы келмеді», дейді  автовокзал өкілі Медеубек Арыстанбаев.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Автовокзалдар мен автобекеттер қаулы шыққанға дейін жабық болады. Жұмысы қашан қайта іске қосылатыны белгісіз. Ол үшін бас санитарлық дәрігердің арнайы қаулысы шығуы қажет».

Теміржол вокзалы да карантинде. Жолаушылар поездары  бас санитардың қаулысы шыққан бойда қатынай бастайды. Ал, Шымкент әуежайы жұмысын 11-мамырдан бастап жандандырды. Арнайы қаулыға сәйкес АҚ-ға үш бағыт бойынша Шымкент-Алматы, Шымкент-Нұрсұлтан, Шымкент -Петропавл тұрақты рейстерді ашу тапсырылған.

Мәди Уәлиханов, «Шымкент әуежайы» АҚ баспасөз хатшысы: «Әуежай іске қосылды. 14-ші мамырдан бастап аэропортта «Шымкент-Алматы», «Шымкент-Нұрсұлтан», «Шымкент-Петропавл» бағытында тұрақты рейстерді қамту тапсырылды. Авиакомпаниялардан тапсырыстар түскен бойда рейстер жасақталып ұшақтар ұшады».

Еске салсақ, күні кеше төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында ел Президенті карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын мәлімдеген болатын. Демек қаладағы авто, теміржол вокзалдарының қайта жұмысқа кірісуі коронавирус індетіне қатысты ахуалдың тұрақтануына байланысты болмақ.

Назерке Үкібасова