Шымкентте төтенше жағдай кезіндегі мүмкіндіктерді толық пайдаланып, шаһар орталығындағы көшелерді ретке келтіру жұмыстары жалғасуда.
Ұзындығы бес шақырымнан астам Республика даңғылы, Рысқұлов пен Гагарин көшелерінен бөлек Ордабасы алаңында және Жібек Жолы көшесінде құрылыс қарқын алған.
Жібек жолы көшесіндегі жолдың бұл бөлігі былтыр пайдалануға толық тапсырылуы тиіс болатын. Алайда жеке сектордағы үйлер және бірқатар коммерциялық нысандардың қызыл сызықтан асып, жолдың жиегінде салынғаны құрылысты мерзімінде бітіруге кедергі болған. Соттың шешімі шыққан бойда құрылысшылар биыл наурыз айында жұмысқа кірісті.
«Ені 17 жарым 2 шақырымнан астам жол қалып қойған. Асфальт төсеп, жиек тасы мен «брусчатка» орнатамыз. Жұмысты осы мамыр айының соңына дейін бітіруге тырысамыз»-дейді мердігер мекемесінің өкілі Ғалымжан Қанаев.
Бұдан бөлек, Ордабасы алаңындағы жол да тегістеледі. Мұнда құрылысшылар жолдың жоғарғы қабатын алып, асфальт төсеуге дайындап жатыр. Құрылыс барысында жол шетіндегі жиек тастар алмастырылып, шағын ирригациялық жүйелер орнатылады. Қала әкімдігінің бұл бастамасын толық қолдайтынын жеткізген тұрғындар нысанның сапасына аса назар бөлінсе дейді. «Жолды жөндеуін жөндейді сосын газ ба, су ма тартамыз деп қазып бүлдіреді. Шымкент өзіміздің қала сондықтан ең бастысы сапасын қадағалау қажет».
Қалада биыл Д.Қонаев даңғылы, Рашидов, Жанкелдин көшелері мен Әл-Фараби алаңының жолдары жөндеуден өтеді.
Шынар Оразова