Шымкенттік кәсіпкер 550 отбасыға азық-түлік таратты. Жыл сайын ауызашар өткізетін ол биыл ас-ауқат толы себеттерді үлестірді.

Жомарт жанның сыяпатын алуға келгендер де аз болған жоқ. Кезекке тұрып керек-жарағын қамдаған олар мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар.

Шырайлы шаһарда қайырымдылық акциясы тағы да жалғасын тапты. Бұл жолы шымкенттік кәсіпкер ауызашар орнына азық-түлік таратты. Аты-жөнін айтып, сұқбат беруден бас тартқан ол сыяпат үлестіруді алдымен өз ауылынан бастаған. Осылайша Бадам-2 елді мекенінде 100-ден астам отбасы азық-түлікпен қамтылды.

Ас-ауқат алатындардың дені мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған және қамқоршысынан айырылған отбасылар. Олардың барлығы «Біз біргеміз» қорынан бөлінген 50 мың теңгеге қол жеткізе алмағандар. Жалпы қайырымдылық тек бір ауылмен шектелген жоқ. Ұн, макарон өнімдері, шай, сұйық май толы жүк көліктері барлығы 10 елді- мекенге жөнелтілді

Осылайша бүгін Шымкентте тағы 550 отбасы әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Еске сала кетейік, үшінші мегаполис кәсіпкерлері бұған дейін де 500 жанұяға азық-түлік толы себеттер таратқан еді.

Назерке Үкібасова