Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Түлкібас ауданының әкімі болып Байғұт Нұрлан Мархабатұлы тағайындалды. Жаңа әкімді аудан активіне облыс әкімі таныстырып, жұмысына табыс тіледі. Алдағы уақытта жүзеге асыруды қажет ететін бірқатар маңызды жобаларға бағыт берді.

Нұрлан Байғұт 1974 жылы 21 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған. Білімі жоғары, біліктілігі инженер-экономист.

Еңбек жолын 1997 жылы Шымкент қаласы бойынша салық комитеті жеке тұлғаларға салық салу бөлімінің салық инспекторы болып бастаған.

1998-2005 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мониторинг, ақпарат және талдау бөлімінің бас маманы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі коммуналдық меншікті және активтерді басқару бойынша департаменті коммуналдық меншік және жекешелендіру бөлімі бастығының орынбасары, мемлекеттің қатысуымен мемлекеттік емес заңды тұлғаларымен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы қаржы және коммуналдық меншік департаменті жалға беру және жекешелендіру бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы қызметтерін атқарған.

2005 — 2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы құрылыс басқармасының бастығы, облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы лауазымдарын атқарған.

2016-2018 жылдары Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып еңбек етті.

2019 жылдан бері Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы қызметін атқарған.