2020 жылдың 22 мамырында карантиндік режимге қарамастан жолаушыларды жинап Түркістан қаласынан Алматы қаласына заңсыз сапарға шыққан автобусқа Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыруымен тосқауыл қойылып, құзырлы органдармен тиісті шара көрілді. Сондықтан басқарма мамандары карантиндік режимді бұзбауға шақырады.

Айта кетерлігі, жолаушылар тасымалы қызметін жалғастырып жатқан көліктер облыс аумағынан шығарылмайды. Ол үшін Сауран және Шақпақ блок-бекеттерінде тосқауыл қойылған.

Ескеретін жайт, «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы» ҚР Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Жарлығына сәйкес, елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантиндік режим енгізілген болатын. Бүгінде төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантиндік режим күшінде қалып отыр.

Бұл ретте, Түркістан облысы аумағындағы көлік нысандарының (теміржол вокзалдары, автовокзалдар, автобекеттер т.б.) қызметтері уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар, халықаралық, республикаішілік бағыттар бойынша қоғамдық көліктер мен жолаушылар тасымалымен айналысуға тыйым салынып отыр.