Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жанынан құрылған Республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі Төлеген БАЙГУЛОВ Түркістан қалалық әкімдік жанынан ашылған «Халықтық кеңсе» жұмысымен және «Sitcen» жобасымен танысты.

Шара барысында өңірлік кеңсенің жұмыс барысы мен алдағы жоспарының жүзеге асырылуын баяндаған аталмыш кеңсе жетекшісі Байғұт Мәдина киелі мекеннің тұрғындары түрлі мәселелер мен өзге де қажетті сауалдары бойынша осы кеңсеге келіп, барлық сала бойынша қажетті қызмет түрлерін алатындығын жеткізді.

Сондай-ақ, тұрғындарды толғандырған мәселелердің жедел түрде шешімін табуы үшін қала әкімдігіне қарасты жер қатынастары, ауыл шаруашылық, ветеринария, білім, дене шынықтыру және спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қатынастары, сәулет және қала құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мен жұмыспен қамту орталығында көрсетілетін жалпы 97 мемлекеттік қызметтің 63 түрі көрсетілетіндігін атап өтті.

Халықтық кеңсенің негізгі бағытымен жіті танысқан Төлеген Зейнешұлы бұл жұмыстар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда көмегі көп екендігін айта келіп, кеңсе жұмысының әрі қарай өрлеуіне тілектестік білдірді, киелі мекенде қызмет етудің өзі зор мәртебе екенін алға тартып, қызметтерін таза, адал және әділетті жасауға шақырды.

Айта кетсек, Түркістан облысының барлық мектептеріне jumys.sitcen.kz порталы арқылы қатардағы қызметкерлер мен педагогтарды жұмысқа қабылдаудың автоматтандырылған жүйесі ендірілген.

Аталған жүйе жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтарын жұмысқа қабылдауды және мектеп директорларын конкурстық тағайындау барысын автоматтандырады.

Бұдан бөлек, өңірімізде мұндай кеңселердің алғашқысы Түлкібас ауданында ашылса, әрі қарай Келес, Отырар аудандарында және облыстық Полиция департаменті мен барлық қалалық/аудандық полиция бөлімдерінде ашылып, жаппай халық игілігіне берілген болатын.