Шымкентте қайнаған тіршілік басталды. Екі айға жуық үйінде отырған тұрғындар бүгін көшеге шығып, автобус қызметін пайдаланды.

Бірі базар аралауға шықса, енді бірі қонаққа жиналған. Осы күнді асыға күттік деген шымкенттіктер тойларға дайындықты бастап жіберіпті.

Бүгін Шымкент қаласының тіршілігіне қан жүгірді. Екі ай бойы бос қалған көшелерде көлік кептелісі пайда болып, қоғамдық автобустар қызметіне кірісті. Бұл жаңалыққа әсіресе тұрғындар дән риза. Екі ай бойы төрт қабырғаға телмірдік деген олар күн көзін көргеніне қуанышты. Бірі бірінші кезекте туған-туысына барса, екіншісі ақшасын алуға банкке бет алған.

Қасиет Омарова, қала тұрғыны: «65 жасқа келіп осылай балаша қуанам деп ойламаппын. Далаға шығып, күннің көзін көргенімізге ризамыз. Енді осыдан кейін де барлығы жақсы болып кетсе ғой. Бейбіт күніміз жалғаса берсін».

Көзайым Найманбекова, қала тұрғыны: «Бүгін міне қызымның үйіне келе жатырмын. Қуаныштымын барлығының аяқталғанына. Сене алар емеспін. Үйде отыра беріп, басылып та қалдық. Болмайды екен бұл».

Бұл күнді саудагерлер де асыға күтіпті. Тіпті рұқсат берілді дегенді естіген олар жұмысына таң атпай келіп алған. Сөйтіп, базардың ашылуын сағат онға дейін күттік дейді. Бірақ, қазір киім-кешек бөлімінен гөрі, тұрмыстық заттар бутигінің саудасы жүріп тұр екен. Сөздерінше, тұрғындар осы аралықта ақшаны жөн-жосықсыз жұмсамауды үйреген.

Азат Сәрсенов, судагер: «Базарға келіп жатқан адамдар соншалықты көп емес. Киім-кешек іздеп келгендері де аз. Негізінен тұрмыстық заттар іздеп жүр. Адамдар әбіржіп кеткен. Тырнақтары өсіп, қайшы сұрап келіпті. Ақшаларын да үнемдейтін болған. Бұрынғыдай көл-көсір сауда жоқ».


Қоғамдық көлік жүргізушілері де мәз-мейрам. Ал, оған отырған жолаушылар тіпті бақытты. Бәрінен бұрын автобустың жүруін күттік деген олар енді тойға дайындықты бастап кеткендерін айтады. Ол үшін базарға арнайы келіпті.

Надира Камалова, қала тұрғыны: «Автобус жүріп, жанымыз кіріп қалды. Міне тойға анау-мынау заттарды алуға келдік. Енді ақшаны оңды-солды жұмсамаймыз. Барлығына үнемдейміз».

Осылайша екі ай бойы төтенше жағдай режимін қатаң түрде сақтаған шымкенттіктер тіршілігіне кірісті. Бірақ, жұрттан әлі үрей кетпеген. Қатерлі індеттен қауіптенген олардың бірі бетперде кисе, енді бірі таза ауамен тыныстауды жөн көрген.

Назерке Үкібасова