Моншаға барған аудан әкімі «сөгіспен» құтылып кетті. Шағалалы өңір басшысының тәртібін қараған әдеп кеңесінің мүшелері осындай жаза ұсынды.

Әкіммен бірге «жеңілдеп» алуға келген мемлекеттік қызметкерлер жалпыға ортақ ережеге бағынбағаны аздай қызметтік көліктерді жұмыстан тыс пайдаланғаны үшін де жауапкершілікке тартылды. Әдеп кеңесінің әкім қосшыларына қатысты шешімі қалай болды?

Мемлекеттік қызметкерлерді «тезге» салатын Әдеп кеңесінің бұл жолғы отырысы шардаралық шенеуніктердің тәртібін қарауға арналды. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай төтенше жағдай жөніндегі өңірлік комиссияның төрағасы бола тұра, қызметкерлерімен бірге моншаға барғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Жұрт пандемиядан оқшауланып жатқанда, төтенше жағдайды қамтамасыз етуі тиіс лауазым иелері ол жерге қызметтік көліктерімен барған.

Ерлан Ермаханбетов, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі: «Әдеп жөніндегі кеңес шешімен Шардара әкіміне «сөгіс» түріндегі аппарат басшысына және Шардара аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысына «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды».

Шардара ауданының әкімі бастаған топтың моншадағы сәтінен түсірілген бейнежазба әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшыраған болатын. Ролик авторының сөзінше, видео 15 сәуірдің түнінде түсірілген. Видеода бетперде таққан бір топ полицей моншадағы үшеудің үстінен сау ете түседі. Онда полиция қызметкерлерінің шақырту бойынша оқиға орнында тексерулер жүргізілгені аңғарылады.

Мақпал Рысбаева