Биыл Шымкентте жол құрылысына екі есе көп қаражат бөлінді. Оған жыл соңына дейін 200-ден астам көше жөнделеді. Бұл туралы бүгін әкімдік өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз турында мәлім болды. Карантин шектеулері қомақты қаржыны игеруге қолбайлау бола ма?

Көлік нөпірі көп болатын қаладағы Т.Рысқұлов көшесі он жылдан бері жөндеу көрмеген. Мұнда жаңбыр суы жиналып, жергілікті халықты әбіргерге салатын. Қазір орташа жөндеу жүргізіліп жатқан аумақта арық-атыздар ауыстырылып, ирригациялық жүйелер жаңартылуда.

Қаланың орталық көшесінде қазір құрылыс жұмыстары қызып жатыр. Орташа жөндеу жұмыстары биыл сәуір айында басталған. Жол асфальттеліп, жаяу жүргішілерге арналған бөлігі де жаңаланады. Жобада веложол да қарастырылған.

Ербол Ермашов, учаске басшысы: «4 шақырымға 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. 2021 жылдың соңында тапсырылады. Жолдың асфальт қабаты жаңартылып, арық-атыздар жаңаланады».

Су басқан Елтай шағынауданында тек баспаналар ғана емес, жолдар да бүлінген. Жергілікті халықты қаланың орталығымен байланыстыратын Найзатас көшесіне де айтарлықтай зақым келіпті. Жауаптылар бұл нысанға мердігерлер анықталды, жыл соңына дейін жөндеп береміз деп сендірді.

Жол құрылысына жауаптылардың сөзіне қарағанда карантин шектеулеріне қарамастан жұмыс бәсеңдемейді. Шымкент қаласы ЖК және АЖ басқарамсының бөлім басшысы Қайрат Баймендиев, «Жұмыспен қамту Жол картасы» бағдарламасы ұтымды пайдаланылып, жоспардағы 225 көшені жөндеп, шалғай елдімекендердегі 112 шақырым топырақ жолға шағыл тас төсейміз дейді.

Жуырда қала тағы бір көпірмен толығатын болды. Бадам өзені үстінен өтетін өткел Д.Қонаев даңғылымен жалғасады. 99 метрлік нысан мамыр айының аяғына дейін тапсырылады деп күтілеуде.

Мақпал Рысбаева