Қалада жылу маусымына дайындық қызу жүргізілуде. Биыл жылу жүйелерінің ағымдағы жөндеуіне және құбырларды оқшаулауға, жалпы 45 шақырымдағы жұмыстарға бюджеттен 3,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. «ҚуатЖылуорталық-3» мекемесінің басшылығы шаһардағы тозығы жеткен жылу жүйелерін жаңалауға алғаш рет қомақты қаржы бөлінуде дейді.

Мердігер компания Нәзір Төреқұлов көшесінің бойындағы жер астындағы тозығы жеткен жылу жүйесін алмастыру жұмыстарына кіріскеніне екі күн болыпты. Қысқа мерзімде қазу жұмыстары жүргізіліп, ескірген құбырлар алынып, орнына жаңа құбырларды орналастыру жұмыстарына дайындық жүргізілуде.

Әбідбақыт Құралбаев, мердігер мекеменің өкілі: «Ескі 320 құбырларды жаңа  270 алмастырудамыз. Ұзындығы бір шақырым 200 метр аралғындағы құбырлар  жаңаланады. 10 күнде бітіреміз деп жоспарлап отырмыз».

«Қуатжылуорталық-3» мекемесіне биыл ағымдағы жөндеуден 22 шақырымдағы тозығы жеткен құбырларды алмастыру, бұдан бөлек 20 шақырымдағы құбырларды оқшаулау жұмыстарын жүргізу міндеттелген. Қазіргі таңда Толстой көшесіндегі 7 шақырымға жуық аралықта құбыр қаптау жүргізіліп, өткен ғасырдың 70 және 90 жылдардың аяғында соңғы рет қапталған құбырлар оқшаулануда.
Пердебай Сәбитов,»Қуатжылуорталық-3″ МКК директоры: «Жұмыстар 4 кезеңде жүргізіледі. Ағымдағы жөндеуге 1 кезеңде 950 млн. теңге бөлінді,  екінші кезеңде 2 млрд. 200 млн. теңге бөлінді. Оқашаулауға бірінші кезеңде 150 млн, ал екінші кезеңде  жоспарланған жұмыстарға 300 млн. теңге бөлінді».

Бүгінге қаржының 300 млн. теңгесі игерілді. Қала аумағында 33 нүктеде, 22 нысанда жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Инвестициялық жоба аясында тозығы жеткен құбырлар  жаңаланып қоймай,  қазандықтар мен ескі сорғыш станцияларындағы жабдықтар алмасады.

Шынар Оразова