Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі құнды жәдігер ретінде қалай сақталып келген? Болашақ ұрпаққа тарихи жәдігерді жеткізу барысында қандай қиындықтар туындады? Реставрациялық жұмыстар кімнің бастамасымен қолға алынды? ЮНЕСКО тізіміне енгізу қалай жүзеге асты? Бұл сауалдардың жауабы көбімізге қызық болса керек. Осы және тақырыпқа қатысты сан сауалға филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек «Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі және оның қорғалу жағдайы» тақырыбында өткізген онлайн-лекциясында жауап берді. Белгілі әдебиет сыншысының лекциясына қатысып, тарихтан там-тұмдап хабардар болдық.

«Мұндай ескерткіші бар ел бақытты»

Лекциясын «Қандай ел болса да осы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі секілді тарихи әрі ұлы жәдігерлері болса, сол ел бақытты және сонымен мақтанатын еді» деп бастаған Құлбек Ергөбек тарихи ескерткіштеріміздің қадіріне енді ғана жете бастағанымызды алға тартты.

– Бұл орта ғасырларда Әмір Темірдің әмірімен Түркістан топырағында салынған ғажайып ғимарат. 1397 жылдарда басталып, Әмір Темір қайтыс болған соң тоқтатылып, кейін қайта жалғасады.
Өмірден Лия Манковская деген ғалым өткен. Сол кісінің зерттеуіне қарағанда осы ескерткіштің барлық параметрі, өзара үйлесімі бәрі-бәрі таңғажайып керемет. Бүгінгі жан-жақты, білімді архитекторлар есептеп салса, көңілден шығар шықпасының өзі белгісіз болады. Осы дүниені сол бір 14 ғасырда қалай жоспарлап, қалай салғанына адам қайран қалады. Ескерткіш қай уақытта да қадірлі болған. Халқымыз сол кезеңдерден бері ескерткіштерді сақтай білген. Қазақстан даласы тұтас қарастырғанда біздің мұндай ескерткішіміз жоқ. Осымен туыстас, табиғаттас келетін ескеркіштер қадау-қадау. Өте сирек кездеседі. Олардың қадіріне енді жетіп, қайта жаңғыртып қазір игіліктің үстінде отырмыз. Мысалы, Жошы хан ескеркіші, Сарайшықтарды айтуға болады. Мен былтыр Бату сарайда болдым. Бату сарайда қиратылған үлкен оба қалаға айналып жатыр. Орта ғасырдағы жаугершілік біздің небір ғажайып ескеркіштерімізді күйретіп, қиратып кетті. Әйтпесе Отырар төбенің өзіне қарасты 33 қала болған. Қала дегеніміз жай адамдар қауымдастығы ұйымдасып тұратын жер ғана емес, айналып келгенде мәдени ошақтардан да бас құрайды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайлы әңгімені Алтын ордасыз айту қиын. Массон деген кісі Алтын орданың кезінде мыңдаған қала болғанын айтады. Ал Бейсенбай Кенжебай, Рахыманқұл Бердібай деген тұлғалар Алтын Орда кезінде 10 немесе 11 ғана қала болды деген дерек айтады. Мен Массонның айтқаны жобаға келеді-ау деп ойлаймын. Өйткені Сырдария бойында жатқан Ақтөбе 1, Ақтөбе 2, Ақтөбе 3, Ақтөбе 4 – барлығы тұтас қалалардың қалдығы. Қызылқұм арасымен жүріп өтсең, онда да ортағасырлық өркениетті, яғни құм басып қалған қалаларды көресің. Қарақұм, Әмудария бойымен жүрсеңіз, тағы да қираған өркениеттің орнын көресіз. Самарқан, Хорезм, Хиуа секілді көне сақталып қалған қалалармен бірге жаугершіліктің әсерінен күйреп кеткен қалалар көп. Біздің сондай қалаларымыз көп болған. Ал Ахмет Ясауи ескерткіші сол қалалардың мәдени көрсеткіші болып, уақытында салынған. ЮНЕСКО бойынша қорғалатын ескерткішті ұлттық намысы бар мәдени жан дүниесі өрісті әрбір қазақ азаматы, әрбір қазақстандық жанын сала қорғауға тиісті,-дейді Құлбек Ергөбек.

«Жан-дүниемізді тазартатын рухани орталық»

«Әрбір ескерткіш тұңғиықта жатқан тарихтан сыр шертеді, ескерткіштерді бағалау тарихты бағалау». Осылай филология ғылымдарының докторы лекция барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жай-күйі өзінің балалық шағында қалай болғанын елестете отырып, баяндады.

– Бала кезімізде Қ.А.Ясауи мавзолейі қараусыз қалған ескерткіш еді. Оның ішінде мал жүретін. Есігі алқам-салқам болатын. Мәдени ескерткіштің сақталуы халықтың мәдениет жайлы ұғымына да көп байланысты. Әлеуметтік тұрмыс жағдайына да тікелей байланысты. Біз қиын замандары бұл мавзолейге қарай алмай қалғанбыз. 20 ғасырдың ары-бері жағында мұны орыс әскерлері зеңбірекпен атып, оңтүстік-батыс қабырғасын оңдырмай жаралап кеткен. Кейін қайта жаңғыртушлар жөнге келтірді. Осындай қараусыз қалған ескерткішті қорғау, сақтау мәселесіне жан сала кіріскен адам – Өзбекәлі Жәнібеков. Ол кезде Өзбекәлі Комсомол жастар ұйымының Қазақстандағы бірінші жетекшісі Ғани Мұратбаевтан кейін жастарға сүйкімді болған, халқымыздың сүйікті перзентіне айналған еді. Ұлттың мәдениеті үшін қаншалықты өрісті өнеге боларын біліп, осы мавзолейді қалпына келтіруге, сақтауға жан сала кіріскен еді. Бұл 60-жылдары болатын. Сол кезде бүкілодақтық жастар ұйымының жетекшісі Тяжельниковты Қазақстанға жоспарланған бір сапарында Түркістаннан түсіп, Ясауи кесенесін көруге көндіреді. Кесенені көрген Тяжельников «Қазақта осындай да ескерткіш бар екен-ау» деп, таң қалған екен. Сонда Өзбекәлі «Осыны сізге көрсету арқылы жастар туризміне, туристік орталыққа айналдырсақ деп едім» деп өз ойын айтқан. Өзекең сол кездегі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысына Тяжельниковты салып жүріп, осы мавзолейді жөндетуді, сақтауды бюджеттік жоспарға кіргізген. Сол кезден бастап біздің ғажайып ескерткішіміздің қайта дәуірлеуі басталды. Әрине, жөндеу оңай болған жоқ. Алғашқы кезеңнен бастап, Өзбекәлі Жәнібеков жаңғырту арқылы ғана жөндеді. Мұны бүгінгі құрылыс материалдарымен сылап, сипап, мәрмәрлап тастасаң, онда ескерткішке қиянат болады. Өзбекәлі Жәнібеков бұл ескерткішке реставрациялық жұмыс жасау арқылы ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне енгізуге күш салды. Қайта жаңғырту барысында белгілі ірі реставраторлар мен архитекторлар жұмыс істеді. Кейін Өзбекәлі Жәнібеков Қанат Тұяқбаевты реставрациялық цехтың бастығы етіп тәрбиеледі. Кішкентай реставрациялық цехты ашты, бірақ ол үлкен күшке айнала алмай тұрды. Сол кезде осы Қ.А.Ясауи кесенесіне жауапты мансап иелері жағдайды дұрыс түсінбегендіктен, тарихи ескерткіштің қадіріне жетпегендіктен, айналасын трактормен сүргізіп, сол жерде жатқан хандардың, бектердің, батырлардың сүйектері сапырылысып кетті. Бұл бір қасірет болды. Осы жағдайға Өзекең қатты ренжіп, тіпті қызметкерлерді жазалауға дейін барды. Осылайша біртіндеп алға жылжып, қазір ЮНЕСКО бойынша қорғалатын екі ескерткіштің бірі. Ал енді совет уақыты кезінде кесенені қорғауға жергілікті халықтың рөлі қандай болды? Музей директоры Орынбай Дастан біраз шырылдап, минстрлікке барып жүретін. Темірхан Рыскелдиев мақала жазып, дабыл қаққан сәттері бар. Мұхтар Қожа «Егемен Қазақстанға» бірнеше дүркін мақала жариялады. Жергілікті халық десек те, зиялы қауым десек те осы азаматтар өзінің мансабын ойлап басын бұғып отыра бермей, мавзолейді бүкіл проблемасымен жазып, биліктің құлағына әрдайым салып отыруы сеп болды. Жергілікті халық арасында қолда бардың қадірін білмейтін адамдар да кездесті. Оның ғажайып жәдігер екенін түсінбей, «ескі-құсқы жер» деп қарағандар да, «садақа тастап кететін ғана жер ғой» деп ойлайтындар да болды. Шын мәнінде Қожа Ахмет Ясауи мәңгілікке дамылдап жатқан бұл кесене ішкі жан сарайымызды ластанудан, кірден тазалап, бізді жаңа биікке көтеріп отыратын рухани орталық,-деді ғалым.

«Кесені қамысынның орнына цемент құйған»

Құлбек Ергөбек ЮНЕСКО бойынша қорғалатын ескерткіштерге жеке дара қарамау керек екенін айта отырып, Ясауи кесенесін қорғау бойынша кезінде қоғамдық бірлестік құрылғанын және ол бірлестіктің қандай қызмет атқарғанын баяндады.

– Бір жыл бұрын, 2019 жылы 15 мамырда ЮНЕСКО-да баяндама жасадым. Сонда арқасүйер керемет дәйек еткенім осы қазақтың төл ескерткіші, бүкіл Орта Азияның ортақ руханият ескерткіші Ясауи мавзолейі жайында пікір айттым. Күні бүгінге дейін бір кемшілік – біз ескерткішке жеке-дара қарап жүрміз. Бұл мәдениеті өскен елдерде орта ғасырдағы архитектура археология ғылымымен мәдениет тану ғылымымен сабақтас қаралады. Сондай жағдайда ғана ғажайып ескеркіштерді сақтап, қорғап ертеңгі күнге апара аламыз. Бізде әлі күнге дейін мәселенің осы жағы кемшін түсіп жатады. Осыдан бірнеше жыл бұрын осы тарихи ескерткіштің қабырғасы жарылғанын көріп, «Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігін құрдық. Оны Бақытжан деген азамат басқарды. Қазір Жантемір Әлібек ағамыз басқарады. Мақсатымыз – мавзолейдің қабырғасын судан тоза бастап, шытынап жарылғанан алдын алу. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдық тарихына орай жаңғырту жұмыстары басталды. Сол кезде Қызылордадан Шымкентке өтетін магистралды жол қаланың ортасында еді. Ауыр машиналар өтетін. Сондай кезде кесене кәдімгідей дірілдейтін. Біз осыны тоқтатып, 14,5 шақырым жолды Түркістанның сыртына салдырдық. Оған қаражат табу, басқа да көп мәселе болды. Сол кездегі Бердібек Сапарбаев әкім бізді қатты қолдап, бірінші кезекте осы жол мәселесін шештік. Екіншіден Түркияның бір фирмасы өздерінде тендерді жеңіп алып, мавзолейді жаңғырту мәселесіне кіріскен еді. Олар бірнеше жыл жұмыс істеді де олардың реставрациялық тәсілдері Өзбекәлі Жәнібековке ұнамапты. Ол жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатқанын көру үшін арнайы келеді. Келгенде тас қабырғаның астындағы баяғы бабалар салған су өткізбейтін қабырғаны дымқылдан сақтап тұратын қамыстарды алып тастап, орнына цемент құйғанын көргенде, Өзекең төбе шашы тік тұрды-ау деймін. Сол кезде Премьер-министардің орынбасары Мырзатай Жолдасбековке хат жазады. Сонда реставрацияның өркениетті түрде жасалмай жатқанын, білмеген «у» ішеді дегендей білмей жасап жатқанын айтады. Бірақ амал жоқ, мемлекеттің кедей кезі, сондықтан түркиялық фирманың қайта жаңғыру істерін қабылдадық. Бірақ мұның дұрыс болмағанын байқаған еліміздің Қанат Тұяқбаев сияқты азаматтары түркиялық фирманың жіберген қателіктерін қайта жөндеп, қайта жаңғырту амалдарын қазір дұрыс жүргізіп жатыр. Біз қоғамдық ұйымды құрғаннан кейін кесенеге төнген қауіпті сезіп, Ташкенттен осы саланың мамандарын шақырттық. Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде осы мамандық бойынша сабақ беретін профессорлар бар еді. Соларды және ЮНЕСКО-ға хат жазып комиссия шақырттық. Сөйтіп, «кесенені қайтсек, қатерден сақтап қаламыз, қайта жаңғырту қалай жүру керек» деген мәселелерді талай талқыладық. Мәдениет министріне дейін бардық. Бұл оңай шаруа емес, бұл – елдік шаруа. Өйткені сөзімнің басында айттым, мұндай мавзолейі бар ел – мәдениеті өскелең ел болып саналады. Егер дәл осындай кемел ескеркіші бар болса, ол халық халықаралық аренада «шәпкісін» аспанға лақтырып, соны насихаттап, жарнама жасап, ұлттық сипатын, ұлт мәдениетін көтеріп жарнамалап жатқан болар еді. Ал біз бүгінге дейін бұл ғажайып ескерткіштің қадірін бірде білсек, бірде білмей келеміз,-деді Құлбек Ергөбек.

«Қай сала болмасын, мектеп қалыптасуы керек»

Филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек қазір кесенені қайта жаңғырту жұмыстарына нағыз мамандардың тартылғанына қуанышты екенін де айтты.

– Кезінде Қанат Тұяқбаевтың өзі бұл істен шеттетілген еді. Қазір сол Қанаттың өзі сүйікті ісіне кірісті. Біз қай сала болмасын, мектеп қалыптастырып, жастарды тәрбиелеп, олардың көзін ашып, қолын үйрету мәселелерін ескере бермейміз. Қазір «реставратор жігіттер жоқ» деп айтпаймыз, бірақ Қанат Тұяқбаев сиқты мектеп қалыптастырушылар жоқ. Оның үстіне археологтардың ашып берген жер қабаттарында көміліп қалған тарихи ескерткіштерді жаңғыртып қайта салып, қалпына келтіру деген мәселелер енді ғана қолға алынды. «Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы шығар» деп ойлаймын. Тарихи ескерткіштерімізді қорғауды, оны сақтауды, жаңғыртып, жаңартып кейінгі ұрпақ қолына аман тапсыруға ұмтылуымыз керек. Тарихи ескерткіштерді қорғау атүсті болмауы керек. Бұл дабыл қағылған сәтте ғана науқаншылықпен барып сақтайтын жөндейтін нәрсе емес. Бұл – тарих тереңінен шаршап-шалдығып, жүдеп жеткен рухани құндылықтарымыз. Сондықтан олар бізден ұрпағынан ұдайы, жүйелі қамқорлықты күтеді. Біздің қамқорлығымыз даңғойлыққа айналып кетпей, ғылыми жүйелі болсын деген тілек айтамын. Бүгінгі күні Түркістан облыс орталығына айналса, мавзолей сол облыс орталығындағы алтын діңгекке айналып отыр,-деді ол.

«Түркі халықтарының рухани-экономикалық интеграциясына Түркістан есігі әрдайым ашық»

Құлбек Ергөбек «қазақ жерінде орналасқан бұл ескерткіш әрине қазақ елінікі» деп, сөйте тұра түрік халықтарының дүние танымын ортақ қалыптастырған, түрік халқының тамыры бір, танымы бір әуел баста бір халық болғанын айғақтап тұратын ғажайып ескерткіш екенін де тәтпіштеп түсіндірді.
– Біз бүгінде Түркістанды түрік халықтарының рухани астанасы дейміз. «Бұл ескерткішті ортақ игілік» деп тұтынуға біз жол ашуымыз керек. 1991 жылы Түркістанда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері кездескен. Олар өзара пәтуаға келді. Түркі мемлекеттерінің Президенттері «Бұдан кейін тек Түркістанда ғана бас қосамыз» деді. Биыл қыркүйек айында Түркі мемлекеттік президенттерінің саммиті Түркістанда өтеді деп күтіліп отыр. Түркістан есігі Түркі халықтарының экономикалық, рухани интеграциясына қашан да ашық. Кесене жайлы әңгіме таусылмайтын, күн өткен сайын жаңа қырынан көрінетін және күн өткен сайын жаңа мәселесі туындай беретін телегей теңіз әңгіме. Біз соның тек шетін ғана шығардық. Сөз соңында, кесенені күні бүгінге дейін ғылымның көмегінсіз сақтап келгенімізді айтып, ендігі жас буын болашақ ұрпаққа тамаша мүмкіндіктерді қолдана отырып, жеткізуін тілейміз,-деді Құлбек Ергөбек.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №26, 24 маусым 2020ж