Шымкенттегі Қ. Қазиев көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жолы түсетін жерде жұмыстар қызу жүріп жатыр.
Бір жеті бұрын құрылысы басталған бұл учаскеде жиек тастары орнатылыпты. Бұл көше арқылы қоғамдық және жүк көліктері көп жүреді, сондықтан жаяу жүргіншілер жолын қарастырылғаны дұрыс болды дейді тұрғындар.
«Тротуар салып жатыр, оқушылар жүретін болды. Лоток болмайды екен. Су төмен көшеге ағады»,- дейді көше тұрғыны Сапария Елеуова.
Орта жөндеу жұмыстары Қ. Қазиев көшесінің Мәделі қожа мен Т. Рысқұлов көшелері аралығындағы жол бөлігінде жүргізілуде. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жобалық — сметалық құжатта ирригациялық жүйелер қарастырылмапты.
Жақсылық Намазбеков, мердігер мекеменің өкілі: «Орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдың жоғарғы қабаты алынып, екі қабат асфальт түседі. Жолдың екі бетінде жаяу жүргіншілер жолын салып жатырмыз. Лотоктар болмайды».
Жол құрылысы шаһардың негізгі көшелерінде ғана емес, қаланың іргесіндегі шағынаудандарда да жүргізілуде. Қайтпас-2, қазіргі атауы Ақ жайық шағынауданында биыл 8 шағын көшенің жолы тегістеледі. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 108 млн. теңге бөлінген.
Базар Файзуллаев, учаске бастығы: «8 көшенің 5-уін бітіріп жатырмыз. Кесте бойынша айдың соңына дейін жолдарды асфальттеп береміз. Сосын, «Достық -2″ шағынауданындағы 8 көшені жөндеуге кірісеміз».
Ал Мырзабеков көшесінде ені небәрі бір метрлік жаяу жүргіншілер жолы түседі. Қазір мұнда төселген тас нығыздалып, тегістелуде. Бір жетіде асфальт төселеді. Бастысы, тұрғындар су, кәріз жүйесі тартылғаннан кейін жолдың жөнделіп жатқанына риза.
Ақбота Нұрманова, Ақжайық шағынауданының тұрғыны: «Қанша рет арызданып едік, жолды дұрыстап салып беріңіздерші деп. Жауын болса, лайға бататын едік. Жақсы болды. Құрылыс жүріп жатыр. Арық та болады екен. Енді балалар тегіс жолмен жүретін болды».
Бұдан бөлек, Тұран шағынауданында 13 көшеде де құрылыс жұмыстары қарқынды. Оған 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоспар бойынша жұмыстар 2021 жылы аяқталады.
Шынар Оразова