«Үйдің де, Үкіметтің де жұмысы бітіп жатыр». 4 ай бойы қашықтықтан жұмыс істеп жүрген шымкенттік шенеунік осылай дейді. Онлайн режимдегі қызметтің қиындығы мен қызығы неде?

Медет Алтеев – Шымкент қаласындағы көліктік-бақылау инспекциясының бас маманы. Карантин режиміне байланысты 4 айдан бері қашықтан жұмыс істеп келеді. Онлайн жұмыс үшін құрылған ортақ чатқа таңертең күн сайын өзінің тұрғылықты жерінен хабарлама жіберіп отырады.

қажет болса, жұмысқа да баруға да тура келеді дейді мемлекеттік қызметкер. Мұндай жүйеде көптен атқарылмай жатқан шаруаларға да үлгеруге болады екен.

Медет Алтеев, Шымкент қаласы көліктік-бақылау инспекциясының бас маманы: «4 айдан бері үйде жұмыс істеп үйреніп те қалдық. Қалыпты жұмыста жүргенімізде 2-3 хат үшін бір күнімізді жұмсайтынбыз. Қазір жұмыс өнімді. Үйдің де, Үкіметің де жұмысына үлгеріп жатырмыз».

Қазір қалада 55 мемлекеттік 30 жергілікті атқарушы орган жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметкерлердің 25 пайызы онлайн қызметке көшкен. Салаға жауаптылар үй жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы азаймайды дейді.

Аянай Орынбасаров, департамент басшысының орынбасары: «Қашықтықтан жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы толық сақталады. Біз осы айда жұмыскерлердің еңбек демалысына шығуын жүйелеп жатырмыз».

Маусым айының соңына дейін мемлекеттік қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеу режиміне көшеді. Еліміздің бас санитар дәрігері осындай қаулы қабылдаған. Ал қалыпты жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлердің санитарлық талаптарды сақтауы қатаң қадағаланады екен.

Мақпал Рысбаева