Үшінші мегаполисте карантин мерзімі тағы да ұзартылды. Бұған дейін 8-маусымға бекітілген режим енді 22 маусымға дейін жалғасады. Мұның себебін қаланың бас санитары инфекция жұқтырғандар көрсеткішімен байланыстырды. Сөзінше соңғы 5 күнде Шымкентте вирус табылғандар саны 9 пайызға артқан.

Әбдіманап Төлебаев, қалалық Тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаментінің басшысы: «Адамдардың көп шоғарлануынан, сақтақ шарасын жасамаудан індет өршіп барады. Кейбіреулер бұл дертке сенбей жатыр. Зертханалық тексеру растап отырса, басқа қандай дәлел керек? Осының кесірінен енді өлім дерегі де артып барады».

Өткен тәуліктің өзінде Ковид-19 Шымкентте 103 азаматтан анықталған. Қатерлі індеттің мұнша көбеюін Әбдіманап Төлебаев жұрттың бейқамдығынан көреді. Сөзінше, елдің жаппай тойға жиналуы мен қоғамдық көлікке бетпердесіз кіруі вирустың таралуына жол ашып отыр.

Әбдіманап Төлебаев, қалалық Тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаментінің басшысы: «Қазір жұрт отбасылық шара өткізуге болмайды дегенге қарамай үйінде той өткізіп жүр. Оған 20-30 адам ғана жиналмайды. 500-ден асады келіп кететіндер. Қала берді қоғамдық көлікке де бетпердесіз кіреді. Жалғаса берсе, автобус иелеріне айыппұл саламыз».

Бірақ, осыған қарамастан қалада тіршілік тәртібіне өзгеріс енгізілмеді. Тіпті, дәмханалар енді түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал, азық-түлік емес дүкендері кешкі 19:00-ге дейін қызмет етеді. Десе де сыртқы демалыс орындары, тойханалар мен лагерьлер әзірге арман күйінде қала бермек.

Назерке Үкібасова