Биыл Ұлттық бірыңғай тест 20 маусымда басталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі бүгінгі Үкімет отырысында мәлімдеді. Тестке 132 000-ға жуық түлек қатыспақ.

Оларға тест тапсырғандығы жөніндегі және білім грантының куәлігі электронды түрде беріледі. Бұл шара биыл бірінші рет қолға алынып отыр. Сонымен қатар, түлектердің бет-әлпеті тест тапсыруға кірер алдын Face ID көмегімен танылады.

Биыл түлектер тестті 20 маусымнан 5 шілдеге дейін тапсырады. Жаңашылдықтар көп. Ұлттық бірыңғай тестті тапсыруға кіретін тұлғаның бет-әлпеті Face ID көмегімен танылады. Бұған дейін қағаз түрінде беріліп келген тест тапсырғандығы және білім грантын тағайындау туралы куәлік енді электронды түрде дайындалады. Ал биылша баласы үшін тақымын қысқан ата-ана үйде отырып қолдау білдіруге мәжбүр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналарға ҰБТ өту барысын сол жерге келмей-ақ үйінде отырып көру үшін онлайн көрсетілімді ұйымдастырамыз. ҰБТ өткізу пункттері тосқауыл таспаларымен жабдықталады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібінде тестілеушілердің арасында 2 метр қашықтықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Бұл 2 метр арақашықтық ҰБТ тапсыратын аудитория ішінде де сақталады».

Тест тапсыратын түлектердің қауіпсіздігі барынша ескерілген. Әрбір оқушының дене қызуы тексеріліп, зарарсыздандыратын тунельден өтеді. Барлығына бетперде беріледі. Аудиторияларда санитарлық-нормалық талаптар қатаң сақталады. Тест тапсырушылар 2 метр арақашықтықты сақтап отырғызылады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: «Қалыптасып отырған жағдайды ескерсек, ҰБТ дәстүрлі режимде, бірақ санитарлық- эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі. Сондықтан ең басты міндет балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып саналады».

«Тестке дайындық жұмыстары аяқталуға аз қалды» деді Аймағамбетов. Сонымен қатар, биылдан бастап педагогика мамандықтарына түсу үшін ең төменгі көрсеткіш 70 балға дейін көтерілгенін мәлім етті. Ал сынақ кезінде тыйым салынған затты пайдаланған талапкердің тест нәтижесі ескерілмейді дейді министр.

Асхат Аймағамбетв, ҚР Білім және ғылым министрі: «Бейнежазбаны қарау кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда ҰБТ нәтижесі, сонымен қатар білім беру гранты жойылады. Бұған қоса, тағы да жаңашылдықтар бар. Тест тапсырушыларға қарапайым калкульятор берілетін болады және тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа дейін ұзартылды».

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 161 пунктте өтеді. Шамамен 1 200-ден астам аудитория дайындалған.

Меруерт Ахан