«Оңтүстік Рабат» газетінің осы санындағы «Тағдыр» айдарына «Пиғылы тар енемнен қорқамын» тақырыппен оқырман хатын жарияладық. Хикаясын баяндаған кейіпкеріміз енесімен қарым-қатынасы тығыраққа тірелгенін, не істеу керегін білмей дал боп жүргенін, «Психолог бұрышы» арқылы психолог кеңесіне жүгінгісі келетінін жазады.

«RE FRAME» тұлғалық дамыту орталығының маманы, отбасылық психолог Қаракөз Қадырбекқызы Момбаева кейіпкеріміздің хикаясын оқып, кәсіби кеңес берді. «Психолог бұрышы» айдарымыздың тұрақты психологы Қаракөз Момбаеваның айтқанын қаз-қалпында жариялап отырмыз.


Қазақ отбасында анасы мен ұлының, анасы мен қыз баланың, әке мен ұл-қыздарының, қайын сіңлі мен жеңгенің, қайын әпке мен келіннің, келін мен ененің және т.б. арасында арнайы жазылып бекітілмеген заңдар баршылық.
Отбасылар болмыс-тіршілігіне қарай әртүрлі болады, соған сәйкес балалардың тәрбиесі де әртүрлі, отбасындағы дәстүрлер мен заңдылықтарды орындау тәртібі де әрқилы. Нағыз отбасында кез-келген сынаққа тосқауыл бола алатындай, өмірдің кез-келген қиындығына шыдай алатындай бірлік болады. Бір-бірін бағалап, өзгелерді құрметтеп, үлкендерді сыйлап, кішілерге үлгі-өнеге көрсетіп, ортақ мақсатқа бағыт алады.
«Бір анадан ала да, құла да туа-ды» – демекші, хат иесінің отбасында ұлдардың тәрбиесі мен қыз балаларының тәрбиесі екі түрлі, эмоционалды атмосферасы сәтсіз құрылған отбасына ұқсас (ана мейіріміне тек қыз балалар бөленгендей …) екен.
Ұлдар ананың «қисық-қыңыр» мінезіне қарсы келмей, шыдамдылық танытып, уақыт сәті келгенде, «бөлек шығып» отырған. Басқа ұлттарда қалай екенін қайдам, қазақта балалары ата-анасымен ешуақытта кикілжіңге түспеуге тырысады, қарсы дау айтпайды, мейлінше үндемейді, келіседі, ата-анаға өмір бойы өздерін қарыздар санайды.
Әр отбасында ата-ананың орны бөлек. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Ана отбасының ұйытқысы. Жақсы ана отбасына береке әкеліп, отбасын бақытқа бөлейді. Ал, отбасында қартың болса, жазып қойған хатпен теңелер. Отбасында ата-анаға, бауырларға риясыз, адал қызмет ету – бұл отбасылық бақыт пен бірліктің негізі.
Отбасында сыйластық, туысқандық болғанда ғана бірлік болады. Ене мен келін, келін мен қайын әпкелерінің арасындағы қарым-қатынас әдебі сақталмаса, отбасының берекесі кетеді.
Бір шаңырақтың астында тұратын «жақын жандардың» араздасқанынан қиын нәрсе жоқ болар? Мынадай нарық заманында ешкім ешкімнің еркелігін көтермейді. Күндер өте оларға қарсы келуге мәжбүр болып, эмоциясын тізгіндей алмай, дауыс көтереді, ұзаққа созылған дау-дамайдан жүйке жұқарады. Үйі бөлек, күйі бөтен болып кеткен қайын әпкелерден қалған көңілді, қайта қалай қалпына келтіресің?!
Қазақ отбасында күйеуіңді жақсы көріп отбасын құру бақыты бір бөлек те, енеге, қайын әпкеге келін болу бақыты бір бөлек. «Күйеуіммен көңілім жарасса болды, бақыттың есігі ашық, ғұмырымды уайымсыз жалғастырам» деу бекершілік. Қазақ отбасында келінге мінезін көрсетпеген адам қалмау керек:
отбасының үлкені де, кішісі де,
қажет пе, қажет емес пе,
орынды ма, орынсыз ба,
бәрібір,
келінге ақыл айтуға барлығының құқығы бар,
«қағытып», «кемсіту», «кекету» – олардың адамзат алдындағы парызы болып саналатындай.
Егер қайын әпкелердің жеке өмірі болмай, бос уақыты жеткілікті болса, онда міндетті түрде келінге шүйлігеді. Ал анасы қыздарымен бірігеді. Ене, қайын әпкелер мен келіннің арасындағы қарым-қатынасының шиеленісуінің басты себебі – осы.
Егер қайын әпкелердің отбасында материалды жағдайы нашар, жетіспеушіліктен ұрыс-керіс, келіспеушілік болса, күйеулерімен арақатынасы жақсы емес, үйлесімсіз немесе т.б. жағдайлары, ұлы мен келінінің жағдайымен салыстырғанда біршама төмен болса – ененің көңіл-күй аспанын «сұр бұлт» қаптайды.
«Найзағай ойнап, қабағынан қар аралас жаңбыр жауып, қара түнек орнайды». Бұл сәтте – ұлының мейірімді жүзі де, немерелерінің тәтті қылығы да оны селт еткізбейді.
Хат иесі: «Енемнің ешқашан қабағы ашылмайды, тек қыздары келгенде күлгенін көреміз. Әйтеуір өміріне разы емес. Немерелеріне қыздарының балаларына қарағандай қарамайды», – деп мұң шағуының себебі осында.
Егер күйеуі әйеліне жақсы көзқараста болса, үнемі көмектесіп, бар ықыласымен қолдап отырса – «қуырдақтың көкесін сонда көресің».
Мүмкін айтқаныммен келіспейтіндер табылар. Бірақ шындығы осы. Менімен келісуіңізге тура келеді.
Өмірдің егеуі болған, автордың сөзімен айтсақ – «қан қысымын көтеріп, ойнамалы жағдайға жеткізген», «отбасының шырқын бұзатын, күнделікті айқайдан», «жан-жарыңмен бәрі тамаша бола тұра, енең тарапынан тек қана жеккөрінішті сезінгеннен пайда болатын күйзелістен» ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ?
Тәжірибеме сүйене айтарым, отбасында ұл балалар ескере бермейтін мәселелерді қыз балалар тез байқайды. Ата-анаға ұлына қарағанда қыз баланың жаны ашығыш.
«Қыз баласы жақсы түс көрсе де, өз отбасы емес, өз балалары емес, төркініне бағыттайды» деген сөз, осының айғағы. Осы себептен қайын әпкелер келіннің жеке өмірін сыйламай, ақыл айтуға кіріседі. Онсыз да бар уақытын ерінің, енесінің қас-қабағына қарайлаумен, балаларының тәрбиесіне алаңдаумен, қонағын жақсы күтуге, қайын аға, абысын-ажынға құрмет көрсетуге, үй, қора-қопсы тазалығына арнаған келінге, мұндай ақыл қажет пе?! Ұнай ма?! Әрине ол ренішін білдіреді.
Дау-дамайдың туындауы, әдетте, жеке тұлғаның психологиялық ерекшеліктері мен қажеттілігіне байланысты мінез-құлқымен тығыз байланысты. Сондықтан да қайын әпкелерге – сабыр, енеге – ақыл, ал келінге – шыдамдылық тілегім келеді.
Жанжал да ауру сияқты, алдын алмаса, жазылуы қиын.
Адамдар басқа адамдармен қарым-қатынас кезінде сыйластық, мейірімділік, және сыпайылық білдіруі керек, адамгершілігі мол болуы тиіс және бұл іс-әрекеттерді айналасындағыларға сөзімен және ісімен көрсетуі керек.
Отбасының тыныштығын қорғаудың, жанжалды болдырмаудың ең тиімді жолы – қарым-қатынаста айтысуға, салғыласуға жол бермеу. Өйткені айтысып қалған жағдайда, ақыл емес, эмоция басқарады. Не айтып, не қойғаныңды білмей қалып, адамның ар-намысына тиіп кететін сөздер айтып қоюың әбден мүмкін. Кейін өкінгеніңмен, кешірім сұрағаныңмен қалыпқа келмейтін жағдайлар орын алады.
Хат иесіне тағы айтар кеңесім – ене мен қайын әпкелердің ойын, түпкі мақсатын ашық сұрау, пікірін соңына дейін тыңдап, қорытынды шығару. Мүмкін, денсаулық – зор байлық екенін есте ұстап, көңіл аудармауға үйрену, олардың ісіне араласпау, басты шешім болар. Уақыт өте оң нәтиже беруі де мүмкін. Мұны орындау аса қиындық туғызбас.
«Сіз», «біз» деген жылы сөз, ағайынға жарасар,-дегендей жүрекке жайлы сөз таба алу да ене мен келіннің қарым-қатынасын реттейтін құрал.
«Қолдауыңыз мен үшін өте маңызды», «Кешіріңіз», «Сізге қиын болмаса», «Сіз қалай ойлайсыз?», «Сізге ұнады ма?», «Жасаған тамағыңыздың дәмі өзгеше, үйренгім келеді» және т.с.с. жылы сөздер – отбасы мүшелерінің арасындағы өзара сыйластыққа, ынтымақтастыққа жетелейді.
Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас психологиясы өте күрделі, қандайда дау-дамай болмасын одан шығудың түрлі амалдары болады.
Психологиялық кеңесімнің соңын, қазақта бұрыннан келе жатқан, жазылмаған «заңмен» аяқтағым келеді: Ене келініне өз бауыр еті баласындай қарамайды. Қарауға міндетті емес те…
Осыны ұмытпау керек және ренжудің қажеті жоқ. Бәрі мінезден, бәрі сенің қабылдауыңнан.
Енеңді емес, өзіңді өзгерт. Сол кезде өмір саған қандай тосын сый жасайтынын көресің. Енемен, қайын әпкелермен «алысып» жүргенде, үйге кіріп тұрған берекені бездіріп жібермеңіз.

Дайындаған – Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №21-22, 27 мамыр 2020 ж