Түркістан облысындағы әлеуметтік қызмет орталығы тағы да даудың астында қалды. Қоғам белсендісі Ақмарал Омралинова бұл жолы мүмкіндігі шектеулі балалардың күйік пен соққы алып, бұзылған тамақ жегенін жеткізді. Әлеуметтік желіде жарияланған бұл жазба полицейлерді де бей-жай қалдырмапты.

Тасарықтағы әлеуметтік қызмет орталығындағы былықты қоғам белсендісі парақшасында жариялаған. Сөзінше, мүмкіндігі шектеулі балалар мамандар тарапынан теперіш көрген. Қызметкерлердің немқұрайлы қарауы мен көрсеткен жәбірін айтқан балалар тіпті салғырттықтан жылу жүйесіне күйіп қала жаздадық деген.

Ақмарал Омралинова, қоғам белсендісі: «Бұл жер адам өміріне аса қауіпті. Балалардың аяғы күйген. Егер өрт болған жағдайда олар интернатпен бірге жанып кетер еді. Орталық не үшін көмірмен жылиды? Егер жан-жағының барлығында көгілдір отынмен қамтылса. Оны былай қойып, оларды көгала қойдай ұрады екен. Дәрісін бермейді».

Балалардың ата – анасы полицейлерге шағымданбаған. Тілшілермен де тілдесуге құлық танытпапты. Тек балаларға болған жағдайды шенеуніктерге анонимді анкета арқылы жеткізу ұсынылған. Бірақ, оны жәбір көргендер емес, орталық мамандары толтырыпты. Бұл сұмдықты қазір полиция қолға алып, тергеу жұмыстарына кіріскен.

Салтанат Қарагөзова, Түркістан облысы ПД ресми өкілі: «Желіде жарияланған ақпаратқа байланысты қазір Төлеби ауданында сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. ҚР ҚК 141 бабы бойынша қолға алынған тергеу 25 мамырдан жүргізіле бастады».

Айта кетейік, бұған дейін Ақмарал Омралинова Тасарықтағы орталықтың басқа былықтарын ашқан еді. Ол кездегі жазбада мүмкіндігі шектеулі балаларға бұзылған тамақ берілгені анықталған. Сондай-ақ, жарымжан балақайларға тым тар жөргек кигізілген. Кесірінен онсыз да денсаулығы жоқ кішкентайлардың денесіне зақым келіпті.

  Назерке Үкібасова