Қала аумағын абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде.
Жылдың соңына дейін қаладағы саябақтардың қатары тағы бір демалыс аймағымен толығады. Демалыс орны Қайтпас -1 шағынауданындағы бос жатқан сайда орналасады.
Болашақ саябақтың аумағында құрылыс жұмыстары қарқын алған. Техника қазу жұмыстарымен бірге алаңды тегістеумен айналысуда. Жұмысшылар болса жаяу жүргіншілер жолының жиек тастарын орнатуда.
Жұмыспен қамту жол картасы аясында жұмысқа тартылғандардың қатарында сарыағаштық Ергеш Достаев та бар. «Құрылыс оңай сала емес, аптап ыстыққа қарамастан демалыс аймағын салып жатырмыз», — дейді ол.
Ергеш Достаев, жұмысшы: «Тротуар жасап жатырмыз. Жігіттердің барлығы ауылдан. Жалақымызды уақытылы аламыз. Осында пәтер жалдап тұрамыз».
Құрылысшылардың жұмысқа кіріскеніне бір ай болыпты. Құны 333 млн. теңгені құрайтын нысанда жасыл желек егу, шымкенттіктер мен қала қонақтары тынығатын орындықтар, демалыс аумағын жарықтандыру да қарастырылған. Жобалық — сметалық құжат бойынша Қайтпас -1 шағынауданында салынып жатқан саябақта денсаулықты сауықтыратын алаң да болады.
«Квадроциклдар жүретін болады. Бұдан бөлек, саябақ аумағында 12 мың түп ағаш отырғызылады. Оны Сарыағаштағы өз питомнигімізден жеткіземіз. Ана жерде 50 кубтық скважина салып жатырмыз, суғару жүйесі болады»,-дейді мердігер мекеме басшысының орынбасары Ернар Тасболтаев.
«Квадроцикл алаңының өз тұрағы болады. Ені 4 30 метр жолмен жүріп, «Қасірет» мемориалынан шығады» деп құптады құрылыстың прорабы.
Жоба бойынша саябақта ағаштар мен гүлдерді суғару үшін екі ұңғыма қазылуда. Жасыл желек тез жетіліп, жайқалуы үшін демалыс аумағында тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Мердігер жаңа саябақты пайдалануға ағымдағы жылы тапсырмақ. Демалыс аумағының қоршауы да дайын. Абай саябағының қоршауы реставрацияланып осында орнатылатын болды.
Естеріңізге сала кетейік, қала аумағында 8 саябақ бар. Бұдан өзге, «Достық» шағынауданындағы және №1 автожол бойындағы қоқыс полигонындағы жаңа саябақтың жобасына түзетулер енгізілуде.
Шынар Оразова