Қоғамдық бақылауды күшейтуде арнайы мониторингтік топ мүшелерінің тигізер үлесі мол

141

 

Бүгінгі күні жегі құрттай қаптаған жемқорлықты жою бойынша әлем елдері ең үздік тәжірибелер легін сараптап, қолданысқа енгізудің сан алуан жолдарын қарастырып келеді. Бұл қарқынды қадамдар сыбайлас жемқорлықтың әлемді шарпыған әлеуметтік індетке айналып үлгергендігін анық байқатып отыр.

Біздің еңселі еліміз де егемендікке қол жеткізген келелі кезеңнен бері қоғам дертімен күресуге ерекше екпін беріп, соның ішінде сыбайластықтың алдын алу алуға айрықша басымдық беріп келеді.

Десек те, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол бермеуде Агенттіктің ғана айрықша еңбек етуі жеткіліксіз. Қатерлі індеттің таралуын тежеуде әрбір қазақстандық тұрғынның азаматтық белсенділігінің жоғары болуы аса маңызды. Қоғамдық бақылаудың күшеюі — оңай олжаға құнығып, мемлекет қаржысын мақсатсыз пайдалануға жол бергендердің заңсыз әрекеттерін әшкерелеуге және оның туындауына ықпал ететін жәйттарды болдырмауға мүмкіндік береді.

Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда түрлі қоғам белсенділерінен жасақталған Арнайы мониторингтік топтың бар екендігін айта кеткен жөн. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі Арнайы мониторингтік топтың соңғы жылдары қоғамдағы келеңсіз құбылыстар мен құқықбұзушылықтарды боямасыз жеткізуде елге тигізер үлесі мол.

Арнайы мониторингтік топтың құрылу мақсаты — қоғам өмірінде ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру процесінде белсенділік таныту және мемлекеттік органдар мен түрлі салалардың жүйелі түрде дұрыс жұмыс істеуіне тұрақты негізде қоғамдық мониторинг жұмыстарын жүргізіп отыру болып табылады.

Оның құрамы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың және БАҚ өкілдері мен қоғамның белсенділерінен жасақталып, жыл сайын жаңартылып, толықтырылып отырады.

Қазіргі таңда, бұл үрдіс бірыңғай ел аумағында жүзеге асып, өзінің оң нәтижесін қалыптастыруда. Соның ішінде, Түркістан өңірінде облыстық және аудандық Арнайы мониторингтік топ мүшелері қоғамдағы түйткілді мәселелерді терең қаузап, заңсыз әрекеттердің белең алуына жол бермеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Облыстық/аудандық Арнайы мониторингтік топтың құрамында қалалық мәслихат депутаты, аталмыш топтың төрағасы Айдос Абпазов бастаған қоғам белсенділері, «Нұр Отан» париясы мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, журналистер мен блоггерлер, білім беру саласының мамандары мен жеке кәсіпкерлер бар. Олар жыл басынан бері Агенттіктің бастамасымен құрылған бірқатар жобалар бойынша қоғамдық бақылау жүргізіп, ашықтық қағидатын қалыптастыруда жұдырықтай жұмылып қызмет етуде.

Атап айтсақ, аталған топ мүшелері «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасының шеңберінде бюджет қаржысы есебінен төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу мақсатында облысқа қарасты Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Бәйдібек аудандарының автомобиль жолдарына кешенді мониторинг жұмыстарын жүргізу арқылы анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекемелердің басшыларына қайта қалпына келтіру бойынша нақты ұсыныстарын білдірді. Осы арқылы халықтың арыз-шағымы ескеріліп, бүгінгі күні әрбір аудан тұрғынының талап-тілегі басты назарға алынуда.

Бұған қоса, «Адал жол» жобасы аясында пойыздарда рейдтік шаралар жүргізіп, жолаушыларды тасымалдау талаптарына сәйкес келмейтін құқықұзушыларды анықтап та келеді.

Сонымен қатар, коронавирус індетінің таралуына орай, Мемлекет басшысы ел аумағында төтенше жағдай жариялағалы бері қала/аудандардың шекараларында орналастырылған блок-бекеттер мен сауда орындарына, кәсіпкерлік субъектілерге, дәріханалар мен азық-түлік дүкендерге бақылау жұмыстарын жүргізіп, ондағы сақтық шараларының талапқа сәйкес сақталуын және әлеуметтік маңызы жоғары тауарлардың баға өсімінің тұрақтылығын басты назарда ұстап келеді.

Бұдан бөлек, топ мүшелері «Таза сессия» шеңберінде ашықтық пен адал білімді қамтамасыз ету бойынша Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен қаладағы кәсіптік білім беру ошақтарында болып, бүгінде арнайы бейнекамералар арқылы онлайн емтиханның әділ өту барысына бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Десе де, жіті жүргізілген бақылаудың нәтижесінде, студенттер мен оқытушылар арасында тәртіптік құқықбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық деректері кездеспей отыр.

Алдағы уақытта да Департаменттің жанынан құрылған Арнайы мониторингтік топ мүшелері киелі өңірдің білім беру мекемелерінде 20 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге бақылаушы маман ретінде арнайы қатысып, білім бәсекесі сыналар шақта адал білімнің сарапқа түсуін қамтамасыз ететін болады.

Айта кетсек, өңірдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуде және қоғамдық бақылауды күшейтуде әрбір ел азаматының белсенділігі мен көзқарас-пікірі біз үшін аса маңызды. Сол себепті, аталмыш топтың құрамына өңіріміздің кез-келген азаматы мүше бола алатындығын ескерте келе, белсенді, адал, парасатты, соттылығы жоқ азаматтарды облыстық Арнайы мониторингтік топтың құрамына қосылуға шақырамыз! Егер де сіздің қандай да білдірер ұсыныс-пікіріңіз болса, Департаменттің antiсor13@mail.ruэлектронды поштасына жолдауыңызға немесе + 7 777 700 41 41 нөміріне хабарласуыңызға болады. Өңіріміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуде – сіз бен біздің біріге жұмыс істеуіміз айрықша маңызға ие екенін айрықша атап өткім келеді.

Ғабит Өмірәліұлы Жүндібаев

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы