Өгей әке өмірін ойрандады

712
фото Айқын

Көзін ашқысы келмей біраз жата тұрғысы келді. Көзін ашқанда күндегі көретіні сол бір картина. Түннен қалған жуылмаған ыдыстар, әйел қолы тимеген ұсқынсыз, жылуы жоқ сол бір жатақхананың алакөлеңке бөлмесі. Кейде сол жатқаннан қайта тұрмай кетсем деген ойы арманға ұласып кетіп жататыны жиілеп барады.

Мына бір маса ма шыбын ба ызыңдап таң қылаң бергеннен жүйкелетіп жіберді. Мейлі, ол да бір тіршілік иесі ғой. Маған қарағанда өмірге титтей де болса құлшынысы бар жаратылыс иесі ғой деп бір ойлап қойды.

Осындай бейшара күйге қалай түсті. Көз алдынан жас кезі, мектепте жүргенде боксқа достарымен жай ілесе барған бокс секциясына қатысып, ол жерден жеңімпаздар қатарына ілігіп кеткені, әрбір соққысының мақтауға ілігіп, Қазақстанның басты қалаларындағы рингтен қолы жеңіс марапаттарымен жоғары абыройымен көтеріліп жүрген кездері есіне түскенде көкірегіне жылы леп сыйлап өткенде, мұз болып жатқан жан дүниесіне аз болса да көктемгі жылымықты үрлеп өткендей болды. Жарайды оның бәрі өтті, кетті. Үлкен спортқа өзін өзі жетелей қойғысы келмеді. Жұмыс істеу керек, жеке бизнес жасауға да батылдық керек. Үлкен бизнесі бар кісінің көлеңкесін паналап жүрген кездердің бірінде сол үйден алғаш рет Қарлығашты кезіктірді. Тілсіз ғашық болды. Сырттан сұрастырды. Қарлығаш Арал жақтын қызы екен. Әкесі жоқ. Анасы басқа біреуге тұрмысқа шыққан. Өгей әке өгейлігін таныта берген соң он сегізге тола бере әлдекімдерге ілесіп, осы Шымкентке кетіп қалған. Әзірге бар білгені осы болғанымен, күндіз-түні бар ойлағаны үріп ауызға салғандай, келбеті де келісті, аршыған жұмыртқадай монтиған Қарлығаштың үйден кіріп-шыққанын аңдумен болды.

Өзінің де сол үйдегі қызметі жеткілікті. Машинаны айдап, үлкен кісінің атқосшысы қызметімен қоса, әйелін базарға, балаларын бақшаға, той-жиынға шапқылап тасиды да жүреді. Үйге жеткенше асық. Аулаға кіре алдымнан Қарлығаш шыға келсе екен деп құдайдан тілеп жетеді.

Тек арадан бір ай шамасы өткенде ғана Қарлығашпен тілдесе алды. Құдай-ау, сол күнгі бақытын айтсайшы. Ол да мұны сырттай бақылап жүрген болса керек, салған жерден кетәрі болған жоқ. Жастар ғой, жақсы тілтабысып кетті. Екеуі бірін бірі шын жақсы көрді. Солай сырлас болған кештердің бірінде қыз бойындағы мінін айтты. Анасы екінші тұрмыс құрғанда тиген күйеуі таралып өсіп келе жатқан бойжеткеннің періште денесіне қол салған. Арын айғыздағанымен қоймастан, арам ойын қайталай бермек ниетін таныған бойжеткен анасынан қайран болмасын білген соң жолшыбай жолыққандармен осында келіп бас сауғалағанын айтты.

Бойжеткенге бұдан былай қамқоршысы да қорғаушысы да өзі болатынына бек сеніммен уәде беріп, біраз уақыттан соң ата-анасының үйіне келін етіп түсірді. Өздері алты ұл, үш қыз өскен отбасы. Бұл отбасының бесінші ұлы. Яғни Қарлығаш бесінші келін болып түсті. Сүйген адамының мәңгілік жанында бірге болатынына көзі жетіп, махаббатқа қанаттанып жүріп отбасын асырау үшін бар күш жігерін жұмсады. Бұл екі мыңыншы жылдардың алғашқы жылдары болатын. Үлкен ағасы ғана еншісін бөлек алып кеткен. Екінші ағасының эпилепсия ауруы болғандықтан отбасы жоқ. Қалған ағалары әйелдерімен осы үлкен шаңырақ астында, яғни үш келін бір үйде. Әкесі барлық балаларының қаржысын бір қалтада ұстаушы еді. Күні бойы жұмыста, одан қала берді үлкен үйдің үлкен шаруасымен жүріп, кешке ғана өз бөлмелерінде шүйіркелескенде бүкіл әлемнің бақыиы осы тостағандай бөлмеге келіп ұялағандай сезілуші еді. Бақытты күндерінің жалғасы болып үлкен қызы туылды. Бір жарым жылдан соң екінші қыз, үйленгендеріне төрт жыл болғанда үшінші қыз туылды. Әрбір қызын әкелік жүрегімен ерекше жақсы көрді.

Бірақ осы үшінші қыз дүниеге келгенде екеуінің бақытына әке-шешесі сызат түсіре бастады. Анасының да тілінің уыты бар екені бұрыннан белгілі ғой, оған енді әкесі қосылатынды шығарды. Онша мұнша сөздерін құлаққа ілмеуші еді, бірақ бара-бара сздері сүйектен өтетін болды. Сондағы тағатын міндері-«Араласатын құдаларым да жоқ, жұртты қарасаң емен-жарқын құдаларымен барыс-келіс жасап жүреді, ал бізде ол да жоқ», «Осы менің балам өмірде тұяқсыз өтеді ма деп қорқамын, бірінен соң бірі қыздарды топырлатып жатыр», «Осы келін меңіреу секілді, бірдеңе десең естімегендей болееееп жүре береді, құдай біледі, мынау қыздары да дәл осындай болады» деп кемсітумен болады. Бұрынғы бақыт ұясы болған бөлмелеріне бас сұққысы келмейтін болды. Онысы Қарлығашты жек көргенінен емес, кезінде қорғаймын деген уәдесінен шыға алмай жүргенінен. Әке шешесінің әйтпесем құда-жекжаттан кенде болып тұрған жері жоққой. «Жуас қой жүндеуге жақсы» дегендей ма, әлде сөзін сөйлейтін әке-шешесі жоқтығынан ба түсінбей ақ қойды.

Тағы да сондай күндердің бірінде баяғы әуен басталып келе жатқаннан, «тазы ашуын тырнадан алады» демекші ас үйде тірлік жасап жүрген Қарлығашқа «Жинал, қыздарыңды да жина, қазір поезға салып жіберіп біржолата сендерден құтылайын» деп атан түйедей тулады. Қыздары мен Қарлығаштың шулай жылағанына да қараған жоқ. Даладағы тапшанда шайларын сораптап ішіп отырған ата-анасы айылын да жиған жоқ. Анасы ернін сылп еткізді да –«Әдірем қал, кімге қиын қыласың» деген күйі екеуі де отыра берді. Араша түскен аға-жеңгесінің біреуін де тыңдаған жоқ. Сол ашуы басына шапқан күйі Шымкенттің темір жол вокзалына келді. Аралға билет аламын ба дегенде, Қарлығаш-«Онда менде кім бар дейсің, Астанаға билет әпер, нағашыларыма барармын» дегеніне қарай әрекет етті. Әке-шешесіне деген өкпесін өз отбасынан алғанына ұялып тұрса да сол жолы бойын билеген ашуы сөз мәмілеге келтірмеді. Отбасына, Қарлығашқа жасаған қысастығын осылай қайтарамын, қазір барып жайғаса тұрып дем алса, әке-шешемнің де аз болса да Қарлығаштың қадірін түсінер, кейіннен барып әкелермін деген ойы болды.

Әке-шешесіне қырсығып, қашан олар өзі отбасыңды әкел деп айтар деп күткеніне де талай уақыт өтіп кетті. Түн болса әйелі мен қыздарының иісі сіңген жастықты құшақтап, талай түндер жылады да. Қазіргідей ұялы телефон болғанда ғой шіркін! Тағдыры бұлай ойран болмас еді. Үйге келгісі келмей, достарымен таңға дейін ақаңнан сілтеуді әдетке айналдыра бастады. Жіберген қателіктеріне ата-анасының көзі жеткенде ғана барып, отбасыңды әкел деп бұны Астанаға жіберді. Поезға аяқ басқанда жүрегі алып-ұшып, алқымына тығылды. Арадағы бір тәулік бір жылдай көрінді. Қарлығашты, қыздарын көргенде қалай құшақтайтытын ойлап, тәтті қиялға батты. Поездан түсе сала Қарлығаштың үлкен нағашысының үйіне барды. Есікті ашып салқын амандасқан нағашысының әйелі қыздарың қаланың шетіндегі кіші нағашының үйінде деді. «Қыздарың» дегеніне де назар аудара қоймай такси ұстап, сонда тартты. Барса екі қызының бұрынғы гүл жайнаған көркі жоқ, бұнымен тартына амандасты.

Көздерінде ешқандай эмоцияның белгісі жоқ. Киімдері де біреудің иығынан алынғаны көрініп тұр. Ол нағашысы Қарлығаш мына мекен-жайда деп тағы қаланың басқа ауданының мекен жайын берді. Қуанышпен атойлап келген жүрегінің барша сезімі біртүрлі басылып бара жатты. Екі қызының жатсынып, жақындамағаны мынау!
Үшінші келген мекен жайдағы көрініс одан да сорақы болды. Үш қызымен аштан өлетін болған Қарлығаш басқа бір еркекпен тұрып жатыр. Осы жерден ары қарайғысы бұл үшін бұлыңғыр. “Мен сені үш ай күттім, ешбір хабарың болмады. Аштан өлуге шақ қалғандағы тапқан жолым осы ғана болды» дегенін ғана түсінді. Содан кейінгі тағдыры тек құлдыраудан ғана тұрды. Бірнеше рет үйленді, ешқайсынан бала сүйіп үлгермеді. Себебі ұзақ тұрмайтын. Ішкілікке салыну, көшедегі сан түрлі байланыстар. «Тағдырыңмен ойнама» деген сөз күн сайын мұның жадын айналып шықпайды…

Бибіхан Байбақ