Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған Төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталса да карантин жалғасып жатыр. Бірнеше облыс пен қалада атап айтқанда, Шымкент қаласы, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында карантин 8 маусымға дейін созылды. Басқа өңірлерде эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанша жалғасады.
2020 жылдың 26 мамыры сағат 15:00-дегі жағдай бойынша, ел аумағында 8969 адам коронавирус жұқтырғаны тіркеліп отыр. 4515 адам дерттен айықса, 35 адам қайтыс болды. Шымкентте 675 адам, ал Түркістан облысында 332 адам індет жұқтырған. Шымкент қаласындағы күнделікті өсім жоғары.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус жұқтырғандар саны артып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол Twitter парақшасында: «Қалаларда карантин шаралары сақталмағандықтан індет жұқтырғандар саны артып барады. Үкімет, облыс және қала әкімдері жағдайды реттеуі керек. Көпшілік орындарда, қоғамдық көліктерде бетперде тағу міндетті. Азаматтардың денсаулығын сақтау үшін нақты шешімдер қабылдау қажет», деп жазды.
Әйтсе де ел өмірі коронавирус үрейіне байланып қалмай, тіршілік бірте-бірте жанданып жатыр. Соның бір мысалы Бақытты отбасы» деген атаумен танылған «2-10-20» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау жүріп жатыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, 2-10-20» бағдарламасына тұрғын үйге мұқтаждар есебінде мына санаттағы азаматтар қатыса алады:
– «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар;
–толық емес отбасылар;
–мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасы
Кредит беру талаптары:
–жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2%-дан аспайтын,
–бастапқы жарна 10 %-дан кем емес мөлшерде,
–несие мерзімі 20 жылға дейін.
–қарыздың нысаналы мақсаты
–бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үй сатып алу;
–тұрғын үйді сатып алу кезінде ең жоғарғы қарыз сомасы – 15 млн.теңге;
–кепілдікті қамтамасыз ету
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінің талаптарына сәйкес келетін сатып алынатын тұрғын үй, не өзге мүлік.
Бағдарламаға қатысуға қойылатын негізгі талаптар:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;
2) отбасының әрбір мүшесіне шаққанда айына кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табысының болуы (62 366 теңге), соңғы 6 айдағы орташа табысының болуы (балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар есепке алынбайды);
3) неке бұзылған сәттен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі (толық емес отбасылар үшін);
4) төлем қабілеттілігін растау;
5) Жергілікті атқарушы органның көзделген санаттағы қатысушылар бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамның есепке қойылуын және тұрғын үйге мұқтаж адамның мәртебесін растауы.
Қажетті құжаттар тізімі:
1) жеке куәлік (отбасы мүшелерін куәләндыратын құжаттарының көшірмелері);
2) балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;
3) неке туралы немесе некенің бұзылғандығын растайтын куәлік;
4) төлем қабілеттілігін растау үшін жұмыс орнынан соңғы 6 айлық көрсеткіш.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңірлер бойынша кредит беру лимиттерін кезектегілердің саны мен қарыздың ең жоғары сомасының мөлшеріне қарай пара-па бөлуді көздейді.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекция-сы басқармасы кезекте тұрғандардың мәртебесін тексеру арқылы Бағдарламаға қатысушыларға жеке тізімдерге сәйкес кезектілік тәртібімен және уәкілетті орган белгілеген лимиттер шеңберінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісіне ұсыну үшін жолдама (электронды түрде азаматтың поштасына) жібереді.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісі осы бағытқа қатысушыларға қатысты қарыздарды ресімдегені үшін комиссия алмайды.
Кеңестерді call-орталығынан алуға болады, телефоны – 39-23-68.
Өтініштер электронды түрде Shymkent-baspana.kz сайтында қабылданады.
«Оңтүстік Рабат», №21-22, 27 мамыр 2020