2 млн. гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.

Министрдің сөзінше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуына бақылауды күшейту мақсатында Жер кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Соның арқасында жерді мемлекет меншігіне өткізу тәртібі айтарлықтай жеңілдеген.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: «Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында веб-портал арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге мониторинг жүргізу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Оның нәтижесінде жалпы алаңы 7,3 млн. гектарды құрайтын жүктелмеген 9061 жайылымдық алқап анықталды. 2020 жылдың 3 айының қорытындылары бойынша мемлекеттік меншікке 2 млн гектардан астам жер қайтарылды».

Ал биыл еліміз 18 млн. тонна астық бастыруды жоспарлап отыр дейді министр Сапархан Омаров. Ал вице-министр нақты бұл көрсеткішке қол жеткіземіз деп айтуға ерте дейді. Сөзінше астық түсіміне көктемгі егіс жұмысынан бастап дәнді дақылды бастыруға дейінгі аралықтағы түрлі факторлар әсер етеді.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі: «Әлі алдымызда көктемгі дала жұмыстары бар. Ол өңдеу жұмыстары, сосын түрлі ауруға қарсы өңдеу жүргізуде бар. Мұның барлығы да астық түсіміне тікелей әсер етеді. Сондықтан да әлі 18 млн. тонна астық аламыз деп нақты айтуға ерте».

Меруерт Ахан