Карантин кезінде Қазақстанда қылмыс саны әлдеқайда азайған. Есебін осылай бастаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 5 айдың ішінде қылмыстың 38 пайызға кемігенін айтады. Оның ішінде тонау 53 пайызға, ұрлық 56 пайызға, бұзақылық 45 пайызға азайыпты. Есесіне, карантин алаяқтарға еш әсерін тигізбеген.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрі: «Оқшаулану режимі кезінде қашықтан сатып алу, онлайн қызметтер тәжірибесінің таралуы интернет алаяқтары көбейді. Күні кеше ғана Алматыда интернет-алаяқтық схемасын ұйымдастырған топ әшкере болды. Осыған байланысты азаматтарымызды электронды төлемдермен операция жасау барысында барынша сақ болуға шақырамын».

Елді көшеге шықпай-ақ, үйде отырып тонаған алаяқтар айласы мұнымен бітпейді. Жұмыссыз қалған жұртты пайдаға кенелтемін деп 25 ұйым жұмыс жасаған. Олар аңқау елді криптовалюта мен қаржы пирамидаларына батырған. Салдарынан 39 мың тұрғын 8 млрд. теңгесінен айырылған.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрі: «Компаниялардың жайлы кеңселері бар аймақтық өкілдіктері ашылған, жалған директорлары тағайындалып, қызметкерлер штаты құрылған. Солайша, азаматтардың мүлкі мен ақшасын жымқыру схемасы жасалған. Салымшылардың санын көбейту үшін Қазақстан эстрадасының және спорт  жұлдыздары тартылып, ауқымды жарнамалық кампания жүргізілген».

5 айдың ішінде Қазақстанда синтетикалық есірткі сұранысы 5 есеге артыпты. Айта кетейік, нашақорлыққа әкелетін бұл зат өзгесіне қарағанда қолжетімді әрі арзан болып тұр. Дегенмен келетін кесірі марихуана мен кокаиннан аз емес дейді бас полицей.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрі: «Мұндай 26 келіден астам есірткі тәркіленді. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 5,5 есе көп. Синтетикалық есірткі дайындалу және сату тұрғысынан арзандығымен ерекшеленеді. Жылдың басынан бері жасырын 3 есірткі зертханасы анықталып, жабылды».

Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық та едәуір көбейген. Бірақ, өз шаңырағында теперіш көретіндер көбіне құқық қорғау қызметкерлеріне жүгінбейтін болып шықты. Осылай деген Ерлан Тұрғымбаев «Сана сезім» орталығына хабарласатындардың 25 пайызға артқанын айтты.

Назерке Үкібасова