Абай ауданында санитарлық талаптарды сақтау бойынша 4 мобильдік топ бекітілген аумақтары бойынша 674 кәсіпкерлік нысанға мониторинг жұмыстарын жүргізіп, ескерту парақшаларын таратты.
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 462 бабы, 3 тармағы бойынша аудандағы кәсіпкерлік нысандарға 11 айыппұл хаттамасы толтырылды. Жалпы аудан аумағында санитарлық талаптарды сақтамағандарға 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынып, 450 хаттама толтырылған.
— Қаланың Бас санитариялық дәрігері қабылдаған қаулыға сәйкес, барлық шектелген шаралардың орындалуы бойынша күнделікті рейдтік іс-шаралар атқаруда. Сонымен қатар, карантинге жабылған жеке секторлардағы тұрғын үйлердің қатты тұрмыстық қалдықтары аптасына бір рет, көпқабатты тұрғын үйлердің қалдықтары күнделікті «Спецавтотранспорт» ЖШС мекемесінің арнайы техникасымен бөлек шығарылуда және көшелер мен тұрғын үйлер залалсыздандырылуда. Қазіргі таңда аудан аумағында төрт мобильді топ сауда орындары мен ірі нысандарда санитарлық талаптарды сақтау бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуде, — деді Б. Парманов.
Абай аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының тексеруі барысында бетперде тағу режимінің орындалмауы, тепловизорлардың жоқтығы мен әлеуметтік қашықтықтың сақталмауына қатысты тәртіп бұзушылықтар анықталған. Соған байланысты тиісті түсіндірмелер мен кеңестер берілуде.