Арыстағы жойқын жарылыс былтыр дәл осы күні 24 маусымда орын алған еді. Апаттың салдарынан тұрғын үйлер қирап, әлеуметтік нысандар бұзылды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген көмектің арқасында қала қалпына келтірілді. Алайда, жарылыс кезінде қирап әлі күнге дейін жөндеу көрмеген үйлер де бар. Мұның себебі неде? Оқ-дәрілерді жою кезінде жарылыстардың дыбысы күні бүгінге дейін естіліп қалады. Бұл қолайсыздық қашанға дейін жалғасады?
Бұл апат былтырғы жылдың тап бүгінгі күні орын алды. Таңғы сағат 9:20 шамасында Арыс қаласында №44859 әскери бөліміндегі қоймада оқ-дәрі жарылып, халықты дүр сілкіндірді. Аңдаусызда орын алған жағдайдан жұрт ес жия аялмай от пен оқтың ортасында қалған қаланы тастап үдере көшті.
Осындай аласапыранда біздің арнаның түсірілім тобы да шұғыл жол сапарға шығып оқиға орнынан табылған-ды. Содан бері бір жыл өтті. Қазір қала қалпына келтірілген. Зұлматты көрген арыстықтар бар қиындықты еңсеріп, бүгінде мамыражай өмір сүріп жатыр. Бірі мал бағын, ендігісі егін салып тұрмыстарын түзеп келеді.
Бұл 145 отбасының күнкөрісіне жарап тұрған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 94 гектарды алып жатқан егістік алаңы. Жарылыс кезінде кооператив мүшелері дәл бүгінгідей жайқалып тұрған егінін баптауға шамалары келмей «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен болатын. Пісіп жетіліп тұрған қырыққабат, жүгері алқабына мал түсіп шаруларды қып-қызыл шығынға батырыпты. Миллиондаған қаржыны далаға шашқан апаттың зардабын артқа тастаған тұрғындар қазір еңбек пен маңдай тердің арқасында шаруасын қайта дөңгелете бастады.
Әбдірайым Кенжебек, ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы: «Өнімнің 60 пайызын мал жеп кетті. Бізге жеңілдетілген пайызбен несие берді. Көптеген қоладулар көрсетті».
Апаттан зор шығын келген кәсіпорынның бірі минералды сусындар шығаратын осы серіктестік. 60 млн. теңгеге дейін жоғалтқан өндіріс орнында қазір жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. Мың текше метрді жобалайтын ғимараттың жарылыс кезінде шатыры мен қабырғалары қирап, тіпті құрал-жабдықтарына дейін жарамсыз болып қалыпты. Қазір аяққа тұрған серіктестікте ауыл тұрғындары екі қолға бір күрек тауып, тап қазір сұранысы артқан тауарларды еліміздің ірі қалаларына саудалап жатыр.
Руслан Болатханұлы, кәсіпорынның бас директоры: «Атамекен» қорына рахмет. Бізге аяққа тұруға қаржылай көмек көрсетті. Құрылысты жүргізіп, құрал-жабдықтарды қалпына келтіріп, жұмысты жүргізіп жатырмыз».
Қаладағы Иван Журба атындағы мектепке жарылыс кезінде алты снаряд түскен. Аяқ астынан орын алған апат білім ғимараттарын да қиратып кеткен еді. Мектептің аумағына құлаған 6 снарядтан ғимараттың шатыры мен қабырғаларын бұзылған. Бірер айдың ішінде жүргізілген құрылыс жұмыстарының арқасында қазір білім ұясы заманауи талапқа сай бой көтерді. Мұнда 800 бала білім алады.
Алайда, әлеуметтік нысандар толықтай қалпына келтірілгенмен, тұрғын үйлердің құрылысы 100 пайыз аяқталған деуге келмейді. Өткеннің жаңғырығындай болған жарылған үйлер сол күйде. Әбдімәлік ақсақалдың 5 бөлмелі баспанасы былтырғы жарылыстан әжептеуір бүлінген. Көрші үйдің ауласына түскен снарядтың дүмпуінен қабырғалары қақырап, терезелері сынған. Зейнеткер әкімдік табалдырығын тоздырғанмен, қайран болмады дейді.
Әбдімәлік Бердіханов, Арыс қаласының тұрғыны: «Әкімдіктен ешкім келмеді үйді көруге. Қорамыз құлап қалып еді. Оны өзіміз тұрғызып алдық. Үйді жөндеуге шама келмейді».
Билік өкілдерінен қайыр болмағандықтан кей тұрғындар жөндеу жұмыстарына өздері кірісіп кетіпті. Көпбалалы ана Ұлбосын Садықова бұл үйге кенжесінің еншісін бермек болған. Тосқауылдан келген төтенше жағдай әне-міне жаңа баспанаға кіріп, қоныс тойын тойламақ болған тұрғындардың қуанышын су сепкендей басты.
Үйдің бұрышына құлаған снарядтан бүлінген үйді қожайындары өздері жөндеп жатыр. Шенеуніктерден пайда болмағандықтан несие алып, ақыры құрылыс жұмыстарын өз күштерімен атқаруда.
Ұлбосын Садықова, Арыс қаласының тұрғыны: «Біздің үй Ақтөбенің секторына жататын. Олар келіп қалай болса, солай жасамақ болды. Түсіндіріп айтқанға келіспеді. Кейін «отказ беріп тұрсыздар ма» деп кетіп қалды. Сол кеткеннен келмеді».
Арыста апаттан кейін бүлінген бас-аяғы 100-ден астам үй әлі күнге дейін қалпына келтірілмепті. Мемлекеттік сараптама қортындысымен келіспеген кей тұрғындар тіпті сотқа шағымданған. Дау-дамайдың соңғы нүктесі қойылса тіпті бүгін құрылыс жүргізуге әзірміз дейді қала басшысы.
Аудан басшысы «жарылыс орын алған Арыстағы әскери бөлімге жақын орналасқан аумақта жерлер заңсыз берілген бе деген сұраққа да жауап берді. Айтуынша, 2007 жылы қаланың бас жоспары бекітілген және шекаралары анықталған. Сол шекара шеңберінде жерлер беріліп, үйлері салына бастапты.
Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі: «Тұрғын үй құрылысына рұқсат бар, тіпті «заправка» да салуға болады. Тек жарылатын заттарға тыйым салынған».
Айта кетейік, Арыс қаласындағы жойқын жарылыстың орын алуы бойынша 16 азамат жауапқа тартылып отыр. Прокурорлар Түркістан облысы Арыс қаласындағы оқиғаға қатысты 500 беттен асатын айыптау актісін қарап жатыр. Сотталушылардың арасында Нұр-Сұлтан қаласында қызмет атқарған Қазақстан қорғаныс министрлігінің сегіз әскери қызметшісі, Арыс және Шымкент қаласындағы әскерилер бар. Оларға ауыр зардапқа әкеп соқтырған қызметіне салғырт қарау бабы бойынша айыпталып отыр.
Сонымен қатар, 462-баптың 3-бөлігі қару-жарақпен, сондай-ақ айналаға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет бойынша да іс қаралуда. Айыпталушылардың кінәсі дәлелін тапса, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, Арыста қару-жарақтың көзін жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ара-тұра жарылыс дыбыстары әлі де естіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылға дейін созылады. Билік өкілдері жойқын жарылыстан әбден зәре-құты қашқан тұрғындарды алдын-ала құлақтандырып отырамыз дейді.
Мақпал Рысбаева