Маятастағы төбелестен ауыр жарақат алған бозбала тілге келмей көз жұмды. Таяқ астында қалған ол ауруханаға 10 күн бұрын түскен еді. Содан бері жансақтау бөлімінде есін жимай жатқан жігіт таңертең жан тапсырды.
Ал, оның туыстары көмек көрсетем деген министрліктің сол күйі жәрдем бермегенін айтады. Осыған ашынған қаралы отбасы енді қылмыстық істің де бұрмаланып кетуінен күдіктенеді. Әділдікке жеткісі келген олар президенттен араша сұрап отыр.
Төбелес кезінде ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен Абзал Уткуровтың анасы қара жамылды. Баласының аман қалуын соңына дейін тілегенімен бір отбасының бар үміті бүгін таңертең жан тапсырды. Перзентін тумысынан момын еді деп еске алған кейуана болашақ келінімен де танысуға ниеттеніп жүріпті. Бірақ, бір кештегі құрдастар қақтығысы асқақ арман мен жарқын болашақтың күл талқанын шығарды.
Гүлбаршын Барлыбаева, марқұмның анасы: «Екеуміз бірге ауыз бекітіп жүрдік. Аспаздықта оқыды ғой. Күн сайын сәресіне, дастарханды жайып мені оятатын. Балам, сауап жинап жүрген екен ғой. Сол күні біреулер қоймай хабарласып шақырып алды. «Барам, келем» деп шыққан баламды ауыр жағдайда әкелді. Бар үмітім еді. Ең үлкен ұлым бірінші топтың мүгедегі. Абзалдан кейін екі қызым бар. 18 жасқа толса, сөйлесіп жүрген қызын үйге әкелем деп жүрген екен».
Еске сала кетейік, өткен аптада студенттер арасындағы төбелестен бір жігіттің ауруханаға түскенін хабарлағанбыз. Маятастағы бұл оқиғадан кейін оның туыстары Елжан Біртановтан араша сұраған еді. Жәбір көрдік дегендердің жанайқайына денсаулық сақтау министрі де үнсіз қалмады. Алайда, берілген сөз уәде күйінде қалды деп ашынады марқұмның жақындары.
Алмаз Уткуров, марқұмның ағасы: «Ініме дұрыстап қараған жоқ. Барлық жаққа хабарластым. Елжан Біртановқа да жаздым. Ол көмектің болатынын, елордасынан дәрігерлер жіберетінін айтқан еді. Бірақ, ешкім келген жоқ. Енді міне созбаққа салынғаннан соң інім көз жұмды. Ал, оны ұрғандар бостандықта жүр. Осы төбелеске қатысты ең басты адам қашып кеткен».
Абзалға медициналық көмек өз деңгейінде жасалмады деп ашынған қаралы отбасы енді оған байланысты қылмыстық істің де үстірт тергелмеуін тілейді. Осы үшін тіпті Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрайды. Ал, Абзалмен соңғы рет серуенге шыққан досы өздеріне 20 жігіттің жабылғанын айтады. Бірақ, бүгінге дейін олардың төртеуі ғана тергеу абақтысына тоғытылған.
Дулат Қамытбек, марқұмның досы: «Сол күні біз жай ғана серуендеуге шыққанбыз. Сөйтсек, алдында кішкене ерегісіп қалған жігіттер кездесуге шақырды. Олармен доспыз деп тарқасқанбыз екі күн бұрын ғана. Бірақ, олар дос деп шақырмапты. Алдымен мені машинадан шығуымды сұрады. Шыққан ем, құлатып, таспен ұрды. Бір қарасам, Абзал да жатыр екен. Біз үшеу едік. Олар есітуім бойынша 20 бала болған».
Абзал Уткуров жан тапсырғаннан кейін қатысушылардың барлығы тергеуге тартылған сыңайлы. Мұны екінші тараптың туыстары растап отыр. Сөздерінше, төбелеске таяқ астында қалған тарапты шақырған жігіт Қарағандыда әскери білім алған.
Назерке Үкібасова