Бүгін Шымкентте 24 мыңға жуық бала бақшаға барды. Бұл мектепке дейінгі білім беру нысандарына баратын бүлдіршіндердің 35 пайызын құрап отыр. Бұл туралы бүгін білім басқармасының өкілдері мәлім етті. Балабақшалардағы санитарлық жағдай қалай сақталады? Мектепке дейінгі білім беру нысандарына ата-аналарға қандай талаптар қойылып отыр?
Шымкенттік көп балалы ана Гүлжан Аршабаеваның екі бірдей бүлдіршіні бала-бақшаға барады. Екі ай бойы балаларын біресе ауылдағы туған-туысқа, біресе қалаға тасып әрең күнелткен кейіпкеріміздің бүгінгі қуанышында шек жоқ. Ол кішкентайларға алаңдамай күн бойына емін-еркін жұмыс істегенін айтады. Енді міне, мерекеде есігін айқара ашқан мектепке дейінгі ұйымнан балаларын үйіне әкетіп барады.
Гүлжан Аршабаева, ата-ана: «Қуанып кеттік… Өзіміз көпқабатты үйде тұрамыз. Балаларға қиын. Олар ойнауы керек. Жан-жақты дамуы керек».
Бала-бақшалар бүгіннен бастап іске кіріскенмен, қалыпты жағдайдағы жұмыс форматына әлі көше қойған жоқ. Бас санитар бекіткен ережеге сай әр топта 20 баладан аспауы тиіс. Медбикелер балалардың дене қызуын тексеріп отырады.
Медициналық маска кию кішкентайларға міндеттелмесе де балабақша қызметкерлері бұл талапты сақтауы тиіс екен. Балабақша тәрбиеленушілері күніне екі рет таза ауада тыныстап, түрлі ойындармен бой сергітеді.
Айта кетейік, Шымкентте 529 бала-бақша бар. Оның 79-ы мемлекеттік. Бүгін мектепке дейінгі ұйымның 500-і жұмысқа кірісті. Алғашқы күні 24 мыңға жуық бала бақшаға барды. Бұл мектепке дейінгі білім беру нысандарына баратын бүлдіршіндердің 35 пайызын құрап отыр.
Мақпал Рысбаева