Бүгіннен бастап мемлекеттік қызметшілерге ID берілді

318

Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер қызмет куәліктің орнына сәйкестендіру картаны пайдаланады. Бүгіннен бастап ID карталар қолданысқа енгізілді. Ақпараттық жүйе арқылы шенеуніктің жұмыс орнында уақытылы болуы, мемлекеттік органдарға жұмыс бабымен кіріп-шығу барысы қадағаланады.

Сәйкестендіру картасы мемлекеттік қызметшінің қызметтік куәлігін алмастырады. Бұл картада қызметкердің аты-жөні, лауазымы, жұмыс орны көрсетілген. Көпқабатты материалдан жасалған картаның жарамдылық мерзімі 4 жыл. Бұл карта шенеуніктердің еңбек тәртібін жетілдіріп, жұмыстың тиімділігін арттыруға сеп болады дейді мамандар.

Ержан ҚОСАЕВ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің басқарма басшысы: «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесіне мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік органдарға кіріп-шығуы тіркеледі. Бұл еңбек тәртібін сақтауға мүмкіндік береді».

Биыл мемлекеттік қызмет жүйесінде жаңалық көп. Жүйе біршама оңтайландырылып отыр. Бастысы, сала қағазбастылықтан арылып отыр. Енді құжаттар электронды түрде қабылданады. Тіпті әңгімелесу үшін мекемеге келудің де қажеті жоқ. Қашықтықтан бейнебайланыс орналады. Тапсырылатын құжаттар саны да едәуір азайған дейді саладағылар.

Аянай РАЕВА, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті басшысының орынбасары: «Құжаттар онлайн түрде қабылданады. Бірқатар құжаттар қатары азайып отыр. Бұдан былай бақылаушы ретінде өз танысыңызды тартсаңыз да болады. Бұрын ондай мүмкіндік берілмеген».

Бұл өзгерістер саланы жетілдіріп, қызмет сапасын арттырады дейді мамандар. Сондай-ақ жемқорлықа да тұсау салады деген үміт те жоқ емес.

Мақпал РЫСБАЕВА