ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен облысқа қарасты білім беру ошақтарының оқушылары мен студенттерінің ата-аналары арасында екі апта мерзім ішінде «Білім саласы – ата-ананың көзімен» тақырыбында онлайн сауалнама жүргізілді.
Жүргізілген сауалнаманың негізгі мақсаты — киелі өңірдің білім беру ошақтарында туындайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және оның орын алуына жол бермеу.
Аталмыш сауалнамаға Түркістан облысы аумағынан жалпы саны 23 мың 402 ата-ана қатысып, қоғам індетіне айналған сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша қойылған бірқатар сауалдарға жауап берді.
Атап өтсек, «Ағымдағы жыл ішінде мектептердің жөндеу жұмыстарына қаражат жиналуда ма?» деген сауалға ата-аналардың 93,6%-ы биыл қаражаттың жиналмағанын алға тартса, 6,4%-ы жиналғанын атап өткен.
Ал, «Бітіруші түлектерден (бастауыш, 9-сынып, 11-сынып) мектеп тарапынан (мұғалімдерге сыйлыққа) ақша жиналады ма?», -деген сұраққа 89,3%-ы жиналмады деп жауап берсе, 10,7%-ы мектеп қажеттіліктері мен мұғалімдерге сыйлыққа белгілі бір мөлшерде қаражат жиналатынын алға тартқан.
Сондай-ақ, «Білім беру саласында сыбайлас жемқорлықты қалай жеңуге болады, оған білдірер ұсынысыңыз қандай?» деген сауалға ата-аналардың 35,4%-ы қатаң жаза қолдану қажеттігін тілге тиек етсе,
26,8%-ы сана-сезімін өзгерту, ал 37,8%-ы алдын-алу жұмыстарын жүргізу арқылы әлеуметтік дертті жеңуге болатындығын жеткізген.
Сауалнаманың соңғы сұрағы бойынша «ҚР Сыбайлас қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-центрі туралы білесіз бе?» деген сауалға ата-аналардың 54,6%-ы білетіндігін негізге алса,
45,4 % -ы хабарсыз екендігін ашық көрсеткен.
Айта кетсек, білімгерлердің ата-аналары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасына жолданып, тиісті шешім қабылдау бойынша бірқатар ұсыныстар білдірілді.
Алдағы уақытта да білім беру ұйымдарында орын алатын сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментімен атқарылатын жүйелі жұмыстар өз жалғасын табатын болады.