Түркістан облысы, Келес ауданындағы білім басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Осылай деп мәлімдеген еліміздің сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі апта басынан бері 12 азаматтың заңнан аттағанын айтады. Олардың арасында басқарма басшылары, әкімдік қызметкерлері мен әкімдер де бар екен.
Қазақстанда апта басынан бері 12 мемлекеттік қызметкердің заңды белшесінен басқаны анықталды. Олардың арасында басқарма басшылары, әкімдік өкілдері мен әкімдердің өздері де бар. Бұл туралы Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі мәлімдеді. Осыған байланысты енді 100-ге жуық сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.
Бармақ басты, көз қысты әрекетке негізінен құрылыс, жер қатынастары, білім және денсаулық сақтау саласының өкілері барған. Мәселен, Алматы облысы, Қарасай ауданындағы әкімдік өкілдері мемлекеттік сатып алуды майшелпекке айналдырып 33 млн. теңгені қалтасына басқан. Ал, Нұр-Сұлтан қаласының спорт және мәдениет басқармасының басшысы 10 млн. теңгені жымқырам деп жер-көкке белгілі болды.
Сыбайлас жемқорлық агенттігінің құрығына түскендер арасында Түркістан облысы Келес ауданының да азаматы бар. Білім бөлімінің басшысына байланыста бүгінде сотқа дейінгі тергеу жұмыстары да басталып кеткен.
Айта кетейік, Келес ауданы білім бөлімінің басшысы даудың астында алғаш рет қалып отырған жоқ. 2019 жылы «арыма тиетін сөз айтты» деп тілшінің темір торға тоғытылуына себепкер болған еді. 2 жыл 3 айға сотталған журналист 3 айдан кейін бостандыққа шықты. Және «жала жапты» деп басшыға қайта арызданды.
Осылайша қос тараптың тартысы тағы да жалғасын тапты. Соңғы шешім қайта сот залында айтылмақ.
Назерке Үкібасова