«Өмірдің өзі»… айдарына оқырманымыздан тағы да бір хат келді. Назарларыңызға ұсынамыз…
«Бір күнде екі рет үйлендім десем ешкім де сенбес ау!? Өзім де сенбес едім. Бірақ маңдайыңа жазғаннан қашып құтыла алмасың анық екен. Таратып айтайын, әрі өзім де жеңілдеп қалармын.Университеттің үшінші курсында оқып жүргенде екі-үш аптада ауылға келіп, азық түлігіміз бен қажетті қаражатымызды қалтаға басып қайтып жүретінбіз. Сондай жолдардың бірінде облыс орталығынан шалғай жатқан ауданымыздың орталығына қайтатын машинада Айгүлмен қатар отырып қалдым. Жол болса ұзақ, іш пысқанда жаныңда әп әдемі қыз отырса жолыңның болғаны емес па? Осылай талай қыздармен танысып жүрміз ғой. Бірақ салғаннан Айгүл маған қатты ұнап қалды. Биязы, жымиғанда екі бетінің ойығы одан бетер тартымдылығын арттыра түседі. Әшейінде жеткізбей кететін жолды бітпесе екен деп отырмын. Не әңгіме жасағанымызды білмеймін, бірақ не десек те бәрі қызық болып көрінді.Сол таныстықты оқуға келгенде жалғастырдық. Керек емес дегеніне қарамастан, жатақханасына күнде барып жүріп, өзіме бойын үйреттім. Шын ғашық болдым десем өтірік емес. Бір жылдан соң оқуым бітуге таянғанда үйленейік деп ұсыныс тастадым. Неге екенін осы тақырыпқа келгенде Айгүл кібіртіктей беретін. Осысын қыз баланың ұяңдығына баладым.
Үйдің үлкені болған соң ата-анам да үйлендірудің қарекетіне кірісіп жатыр. Ал Айгүлдің әлі бір жыл уақыты бар оқу бітіруіне. Диплом алып ауылға келген соң, дос-жаран, ағайын туғанның ортасында тойлап біраз уақыт өткен соң ата-анам жоспардың келесі кезеңіне, яғни мені үйлендірудің жоспарын құра бастады. Айгүл туралы хабардар болатын. Ауыл арасы жақын болған соң анам таныстар арқылы Айгүл туралы сұрастырып та үлгерген екен. –«Балам, сөйлесіп жүрген қызың туралы жекжат-жұраттан сұрастырдым. Бәрі бірауыздан мақтап жатыр. Тек…»деп барып кібіртіктеп қалды.
-Айтсаңызшы, несі Тек болып тұр-деп жүрегім мұздай сұрадым.
-Әке-шешесі бақуаттау кісілер екен, қызын басқа бір баршылық жерге уәделесіп отырған сыңайлы-деді.
Сол күні кешке Айгүлге телефон соғып, өзімен ашық сөйлестім. Анамнаң айтқан сөзі рас екен. Бірақ Айгүл -Ол адаммен қосылуға риза емеспін, менің таңдауым сен-деген сөзіне марқайып, той қамына кірісіп кеттім. Өзінің айтуы бойынша алып қашатын болып келістік. Мен босаға аттаған соң қайтып әкете қоймас деді. Келісілген күнге жақын-туыс, достардың барлығына хабарласып, алып қашуға арналған барша әрекеттер соңғы детальіне дейін ойластырылды. Түс ауа үйден шығып, Айгүлдің ауылына жақындағанда өзі телефон шалып, -«Мақсат, кешірші, ата-анам менің кететінімді біліп қойды. Егер осыдан сол жігітке тиетін болсаң теріс батамды беремін. Өмір бойы көгермей өтесің деп отыр. Кешірші мені, мен ата-анамнан аттап кете алмаймын»деп жылады.
-Соңғы шешімің сол ма?-деп бірнеше рет қайталап сұрадым. Телефонның арғы шетінен тек қана жалай береді, бір кезде барып –Ия-деп жауап қатты.
Екі шекемді ұстап отыра кеттім, басым мең-зең. Не істеймін, бүкіл ауылға, ағайын-туғанға масқара болдым ғой. Достарым да не істерлерін білмей дал. Бағанағы көтеріңкі көңіл, дабыр-дұбыр сөздің бәрі сап тыйылды. Не істейміз? Бүкіл дүние бір тұтам күлге айналып кеткендей. Сол жерде кеш батқанша отырдық.
-Мен бүгін қалайда үйленемін-дедім. Бәрі аңтарылып қарап қалды. –Ия, ия, үйленемін, қыз тапсаңдар болды, арғы жағы қызық емес.
Ортамызға қайтадан жан бітіп, танитын қыздарды бірден жіпке тізе бастады. Ортадан былтырғы күзде үйленген сыныптасымыздың тойында көрген Сана деген қыз дұрыс болар деген шешімге келдік. Айша атты сыныптасымыздың сіңлісі. –Былтыр тойда саған ойы кеткенін байқағанбыз, өзі де тәуір қыз, өзің оған мүлде көңіл бөлмегенсің- дегендеріне ойланып отырып, есіме түсірдім. Ия, тәп-тәуір қыз болатын. Жарайды Сана болса, Сана болсын, тарттық сонда деп аттың басын басқа бағытқа бұрдық. Үш-төрт сағат көлемінде амалын тауып, Сананы алып қаштық. Үйге апарып орамалын жаптық. Түсіністік болмаған соң біраз шу да болды.
Ел орныға бастаған тұста бағанадан бері қараусыз қалған телефоныма қарасам, Айгүлден бес қабылданбаған телефон қоңырауы тұр. Үйленгенімді естіп хабарласқан шығар деп қайта қоңырау шалсам, -Мақсат, сен қайдасың, мен анамның рұқсатын алып, көшеге шығып кеттім, ауыл шетіндегі бақтың шетінде тұрмын. Сенен мен де айырылғыс келмейді-деп жылап тұр. Басым екіге бөлініп кете жаздады. Енді не істеймін? Ешкімге білдірмей Айгүл тұрмын деген жаққа ұштым. Ештеңе деместен машинаға отырғыздым да көрші аудандағы әкемнің қарындасының үйіне кеттім. Ұйқыларынан оятып, Айгүлге орамал салдырдым. Бірақ оларға ештеңе айтпадым.
Әкемнің қарындасы үйге телефон шалып, — «Ал, аға-жеңге келіндерің құтты болсын»-деп құттықтағанына арғы жақтағылар –«Құдай құтты қылсын, ертеңгі беташардан қалмай келесіңдер ғой» деп қояды, -әй, беташарды келінсіз жасай бересіңдер ма, келіндеріңе орамал жауып қойдық, келіп, көрімдігін беріп, алып кетпейсіңдер ма?» дегеніне арғы жақтағылар аң-таң. Сонымен екі жақ болған оқиғаны таратып түсінемін дегенше жаным табаныма түсті ау. Айғай-шу, араздық таң атқанша жалғасты. Үлкендердің болғаны қандай жақсы, Сананы үйіне ат-тон айыбын апарып, кешірім сұрады. Бір — бірімізден айырылып қала жаздап барып құрған отбасымызға биыл төрт жыл. Екі кішкентай өсіп келеді… Өмірлік жұбымынан айырылып қалам ба деген өкініш өзегімді өртегенін айтып жеткізе алмаймын…».