Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жақын күндері жұмысын бастайтын «Бизнеске арналған Үкімет- Shymkent INVEST» кеңсесінің дайындық жұмысымен танысты, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы жобасын әкімдік пен Кәсіпкерлер палатасы бірлесе жүзеге асырып отыр. Мұнда қала кәсіпкерлері мен инвесторларға «бір терезе» негізінде мемлекеттік қолдау және мемлекеттік қызмет көрсетілетін болады.

Бұл жоба- кәсіпкерлерді қолдау мақсатында әзірленген дағдарысқа қарсы іс-шара жоспары аясында жүзеге асырылып отыр.

Фронт-офистің жұмысымен таныстырған Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев өңірлік палатаның консультанттары БЖК-2025 бағдарламасы аясында сервистік қызметтің 6 түрін ұсынатынын атап өтті.

Осы ретте, Мұрат Дүйсенбекұлы кеңседе көрсетілетін қызметтің сапасына баса назар аударуды айтып, келушілерге мемлекеттен берілетін қолдаулар туралы кеңінен түсіндіруді тапсырды.

Осы жылдың 1 маусымынан бастап толыққанды жұмысын бастайтын фронт-офисте «SHYMKENT ӘКК» «ДАМУ» қоры мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) консультанттары мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері де осында болады.

Мұнда барлық қызметтерді бір жерден алу үшін кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасалғанын айтқан палата директоры орталыққа — кәсіпкер бизнесінде туындаған сұрақтардың күрделілігіне қарамастан жүгіне алатынын атап өтті.

Кеңсе жұмысымен танысу барысында «Shymkent» ӘКК» корпорациясының басшылығы әкімге жұртшылықпен жұмыс істеу және Шымкент қаласының кәсіпкерлері үшін барлық қажетті жағдайлар жасау туралы тұжырымдама ұсынылды.

Корпорация басшысы Бауыржан Канкиннің айтуынша, барлық мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлермен тығыз жұмыс жасайтын мемлекеттік институттардың қызметін бір пакетке біріктіру үшін типтік жоспар қажет екенін айтты. Болашақта олар кәсіпкерлердің жобаларын құрылымдайтын болады,-деді ол.

Бұл жоба — ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы екенін айтқан қала басшысы мұнда ең бастысы кәсіпкердің уақыты үнемделіп, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландырудың қолжетімділігі артады деді.

Айта кетейік, «Бизнеске арналған Үкімет- Shymkent INVEST» кеңсесі Шымкент қаласы кәсіпкерлер Палатасы ғимаратының бірінші қабатында орналасқан.