Оңтүстіктегі жылыжай шаруашылықтары қиындыққа тап болды. Депутат Сәкен Қаныбеков бүгінгі Мәжіліс отырысында осындай мәселе көтерді.

Елде 16 наурызда төтенше жағдай жарияланып, қатаң карантиндік шаралар қабылданған еді. Ол сәйкесінше экономикаға теріс әсерін тигізді. Зардап шеккен салалардың бірі – жылыжай шаруашылығы. Базар, кафе, мейрамханалар жұмысын тоқтатқаннан кейін жылыжайда өсірілген өнімге сұраныс күрт төмендеді. Ал бүгінгі нарық бағасы өнімнің өзіндік құнына да жетпейді.

Сәкен ҚАНЫБЕКОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Мысалы бүгінгі күні қиярдың келісі 100 теңгеден аспайды, ал өнеркәсіптік жылыжайлардағы өзіндік құны 250 теңгеден артық. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүрлейді. Уақыт ауыл шаруашылығы біздің негізгі ресурсымыз екенін көрсетті, бірақ ол толық көлемде пайдаланылмай отыр».

Мәжілісмен 2018 жылдан бастап жылыжай шаруашылығына кеткен шығынды өтеудің тоқтағанын да ерекше атап өтті. Бұл саланы дамытуға салынған тұсау болып тұр. Мемлекеттен қолдау болмайынша шет елдерден әкелінетін импортты нарықтан ығыстыруға қабілетті болмайды дейді ол.

Сәкен ҚАНЫБЕКОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Бұл міндеттерді шешу өнеркәсіптік жылыжайлар санын ұлғайтуға, бұл өз кезегінде маусымаралық кезеңінде көкөніс бағасын ұстап тұруға, сондай-ақ жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді».

Меруерт Ахан