255 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды, оның ішінде 184 мың адам жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Еңбекминінің басшысы 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 176 млрд теңге қарастырылғанын, оның 71,5 млрд теңгесі микрокредиттер мен гранттарға, 32,6 млрд теңге оқытуға, 71,9 млрд теңге субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға және жұмыс күші бар аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға көшуге арналған субсидияларға бағытталатынын айтты.

«Жыл басынан бері 255 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды, оның ішінде 184 мың адам жұмысқа орналастырылды. Мұнда 99 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды», – деді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, ол Мемлекеттік бағдарлама аясында 8 мың АЕК-ке дейінгі жеңілдетілген кредиттер (кредит мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін, пайыздық мөлшерлемесі – жылдық 6%), 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қайтарымсыз гранттар берілетіндігін жеткізді.

Жыл басынан бері 6,1 мың адам бизнесті дамытуға микрокредиттер мен гранттар алды.

«Мемлекеттік бағдарламада жұмыссыздарға, әсіресе жастарға еңбек нарығында өз орнын табуға көмектесу үшін кәсіптік білім берудің бірнеше түрі қарастырылған. Коронавирусқа байланысты шектеулерге байланысты оқу курстары енді басталуда. Жыл соңына дейін 100 мыңнан астам жұмыссыз жан жаңа кәсіптер мен дағдыларды үйренуге мүмкіндік алады», – деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, Еңбекминінің басшысы жыл басынан бері 84 мың адам субсидияланатын жұмыс орнына жұмысқа тартылғанын атап өтті.

Еңбек ұтқырлығын дамыту аясында оңтүстіктен солтүстік облыстарға 666 отбасы (2375 адам) қоныс аударды.

Еске салайық, жыл басынан бері Электрондық еңбек биржасы арқылы 97 мың адам жұмыс тапты, оның 46 мыңы – тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Coursera» жаппай онлайн білім беру платформасымен, 2020 жылдың соңына дейін 50 мың жұмыссыз қазақстандықты тегін оқыту туралы келісімге келді.

Азаматтар 298 курс бойынша білім ала алады. Жобаға қатысу үшін ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелу жеткілікті. Coursera.org сайтына тіркелген кезде enbek.kz сайтында немесе Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу кезінде көрсетілген электрондық поштаның адресін қолданған жөн.