Ескі көліктерді қабылдаудың ақшалай төлем мөлшері ұлғайтылды, деп хабарлайды Хабар 24. Тозығы жеткен көліктерді қабылдау екі санат бойынша жүзеге асады.
Мәселен, бір ғана Алматының өзінде 800 мыңға жуық көлік бар. Соның жартысынан астамы ескі. Мұндай көліктер қалай қабылданады? Елімізде ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы 2016 жылы жүзеге асқан болатын. Бұған дейін осы бағдарлама бойынша ескі машиналарды қолма-қол ақшадан бөлек арнайы сертификаттарға айырбастау мүмкіндігі болса, жаңа ережеге сәйкес жеңілдік сертификаттары ендігі жерде тек жүк көліктеріне ғана беріледі.
«Ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасына өзгертулер енгізілді. Бүгіннен бастап жеңіл автокөліктерге берілетін өтемақы көлемі 200 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда сертификат бағдарламасы дәл осы жеңіл көліктер үшін тоқтатылды. Бірақ жолаушы және жүк көліктерін қабылдау жалғасын таба береді», — дейді cеріктестік өкілі Жомарт Рахымжан. Жаңа ереже бойынша, көлік иесіне екі санат бойынша қаржы төленеді. Яғни толық жиынтықты көлікке бұған дейін 150 мың теңге төленетін. Ал енді қосалқы бөлшектері кем көліктерге 150 мың теңге төленеді. Бұрын осы екінші санаттағы көліктерге бар жоғы 48 мың теңге ғана берілген еді.
«Көлік қалдықтары қоршаған ортаны ластамау үшін арнайы қабылдау орындарына өткізген жөн. Бірақ қазіргі жағдайда инфляцияны ескеретін болсақ, ескі көліктерге беріліп отырған төлемақы мөлшерінің деңгейі бұрынғымен салыстырғанда еш айырмасы жоқ. Сондықтан ескі көлікті тапсырғаннан гөрі қосалқы бөлшектерге сату тиімдірек. Осылайша сіз 1,5-2 есе көп ақша таба аласыз», — дейді тәуелсіз автокөліктер одағының төрағасы Эдуард Эдоков.