Беліңіз ауыра ма? Аяғыңыз қақсап жүр ме? Әлде арқа тұсыңыз шаншып, жайсыз сезінесіз бе? Ендеше уақыт создырмай, дәрігерге қаралыңыз. Бұл — омыртқаралық жарықтың белгілері болуы мүмкін. Ел ішінде «грыжа» деп аталатын бұл «жағымсыз» ауруды дер кезінде анықтап, дұрыс ем қабылдасаңыз, отасыз-ақ айығуға болады.
ГРЫЖА – ҮКІМ ЕМЕС
Адам анатомиясына қарасақ, бір-бірімен жалғанған қысқа кеуекті сүйектер, яғни бағаналар омыртқаны құрайды. Олар өзара шеміршек шеңберлерімен (диск) жалғанған. Ал қозғалысы аз өмір салтын ұстанатындар мен ауыр заттарды шамадан тыс көтеретіндердің омыртқаралық шеміршек шеңберлерінің созылғыштығы әлсіреп, сызаттар түседі. Осылайша омыртқаралық дискілер зақымданып, өз орнынан жылжиды. Бұл — грыжаның бас көтеруіне әкеп соғады.
– Омыртқада 34 бөлік болады. Оның әрқайсысы ағзаның белгілі бір мүшесінің жұмысына атсалысады. Мысалы, белдегі отырықшы тамыр қысылса, оның зардабы аяққа, сан бұлшық еттері, тізе мен табан, бүйрекке беріледі. Тізенің қақсауы, табанның бастырмауы, ер адамдардағы аталық без жұмысының бұзылуы да соның салдары. Кейде құлақтың шуылдауы, бастың себепсіз айналуы, көрудің нашарлауы, өтке тас жиналу, бас сақинасы да омыртқадан бастау алады. Себебі ондағы дискілер бір-біріне «отырады» да, сол арадағы жүйке талшығына зақым келеді. Сондықтан емделсеңіз де нәтиже болмай жатқан кейбір ауру түрлерінің түпкі себебін омыртқадан іздеу керек,-дейді тәжірибелі травматолог-ортопед Саиджан Кошаков.
Оның сөзінше, егер омыртқа аралық дискінің жарығы кішкентай болса, емдеу де оңай болады. Сондықтан уақыт созып алмай, тез арада емделу қажет.
Созақтық Фарида Ташкинбаеваның омыртқасы ауырғалы бір жылдан асқан. Күйбелең тіршіліктен қолы тимеген кейуана дерті әбден асқынып, жүре алмай қалғанда ғана дәрігерге қаралыпты. Сөйтсе, омыртқасы қисайған, омыртқасына тұз жиналып, грыжа пайда болған. Айтуынша, мұның бәрі де ауылда қара жұмысқа жегіліп жұмыс істегеннен пайда болыпты. Алайда кейіпкеріміздің дерті жанына батқанымен, асқынбапты. Оған дер кезінде көмек көрсетіліп, дәрі-дәрмекпен ем қабылдаған.
Саиджан Кошаков көп жағдайда науқастардың дертін асқындырғанын айтады. Мұндайда оларға дәрілік ем-дом мен физикалық жаттығулар көмектеспейді. Ондай жағдайда тек ота жасап қана грыжадан айығуға болады.
Бауыржан Құдайбергенов, уқалаушы:
– Соңғы кезде остеохандроз, артроз, протрузия, грыжа сынды аурулармен ауыратындар көп. Мұның бәрі де адамдардың өмір салтына байланысты. Көп қимылдамайды. Қан айналымы бұзылады. Нәтижесінде иммунитет әлсірейді. Сөйтіп түрлі аурулар бас көтереді. Аталған дертке массаждың пайдасы зор. Көп жағдайда грыжаны да массаждың көмегімен жазамыз. Бірақ ем комплексті болу керек. Массаж, денешынықтыру сабақтары мен дәрілік ем. Бірақ мұның бәрі грыжаның бастапқы сатысында көмектеседі. Егер асқынса нәтиже болмайды.
АУРУ БЕЛГІЛЕРІ
Сонымен егер сіз:
– бел ауруын сезсеңіз;
– ауыр нәрсе көтере алмасаңыз;
– көп уақыт тұра алмасаңыз
– бір орында тік отыра алмасаңыз
– ұзақ жүре алмасаңыз;
– аяғыңыз жиі ұйып қалса травмотолог-дәрігерге қаралыңыз. Халық емшілері мен тәуіптерден шипа іздемеңіз. Себебі, олар дертіңізге дерт жамап беруі мүмкін.
Мүсініңіз дұрыс болып, омыртқа жотасы дертке шалдықпасын десеңіз, мына қағидаларды ұстаныңыз:
1. Жастық аласа, төсек қатты болу керек.
2. Үстелдің, партаның биіктігі бой мен дененің құрылысымен сәйкес келуі керек.
3. Ауыр зат көтермей, омыртқа жотасын тік ұстауға ұмтылу керек.
4. Спортты серік етіңіз, көп жүріңіз, жүгіріңіз.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №23-24, 10 маусым 2020ж