Шымкентте орталық көшелердегі көпқабатты үйлердің тұрғындары аулаларының абаттандырылып, балалар алаңшалары бой көтергеніне ризашылығын білдіруде.

Республика даңғылында бұған дейін балалар алаңшалары бюджет есебінен салынса, былтырдан бері балалар алаңшалары мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында бой көтеруде.

Балалар әткеншек теуіп, сырғанақтан түсіп мәз. Ал ата-аналары болса, балалар алаңшаларындағы жайлы орындықтарға жайғасқан. Бұл Республика даңғылындағы № 25,27,29 тұрғын үйлердің тұрғындары. «Балаларымыз енді алаңсыз ойнайтын болды» деген тұрғындар аула аумағында жүріп жатқан абаттандыру, көркейту жұмыстарының аяқталуын тағатсыздана күтіп жүр.

Бота Асылбек, тұрғын: «Балалар ойын алаңшасы жасалып, жақсы болды. Әсіресе, әткеншек жақсы жасалған, кішкентайларға ыңғайлы».

Мухаббат Юддашева, тұрғын: «Мен осы  үйде  көп жылдары тұрамын. Бұрын  бізде балалар алаңшасы болмайтын. Міне, салып берді, балалар рахаттанып ойнап жатыр. Рахмет. Менің бір ұсынысым бар: осындағы «беседканың» жанын абаттандырып берсе».

Құрылыс барысында тұрғындардың ұсыныстары мен сын-ескертпелері ескеріліпті. Себебі, тұрғындар жайлылығы бірінші кезекте дейді алаңша құрылысын жүргізгендер. Айта кетейік, Республика даңғылындағы бұл аулалар мен ойын алаңшалары мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында жүргізілуде.

Мақсат Чалабаев, мердігер: «Біз ЖСҚ жоқ екі «беседканы» қойып бердік. Барлығын жасап жатырмыз. Жобалық-сметалық құжатта  көрсетілген  талаптарды   орындаймыз».

Құрылыс талаптары күшейтілген. Нысанның кепілдік мерзімі – 5 жыл. Егер де осы уақыт аралығында мұндағы құрылғы немесе ауладағы орындық, қоршаулар сынса, мердігер өз есебінен қалпына келтіреді дейді Әл-Фараби ауданы әкімдігіндегілер.

Шынар Оразова