Кәсіп ашуға қолдау

368

Кәсіп бастағыңыз келе ме? Бизнесіңізді өркендетіп, дөңгелетуді қалайсыз ба? Коронавирус салқыны кәсібіңізге тиді ме? Түркістан облысында кәсіп ашып, оны дамытып не тұралаған бизнесіне қолдау болатын бағдарламаларды таныстырамыз.

НЕСИЕ ЕМЕС, КЕҢЕС БЕРЕДІ…

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы дәл осындай идеясы бар немесе өз кәсібін дөңгелетуге ниеттеніп жүрген жандарға көмектеседі.

–«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпті жаңадан бастауға ниеті бар азаматтарға және қызмет етіп тұрған шағын және орта бизнес иелеріне несие, субсидия бермейді, — деп бастады әңгімесін Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директорының міндетін атқарушы Мади Ибадуллаұлы.
–Біз кәсіпкерлерге кеңес беріп, бизнесті қолдайтын барлық мемлекеттік бағдарламаларды ұсынамыз, оқытып, жобаларын сүйемелдеуге көмектесеміз. Мәселен, бастауыш және әрекет етуші шағын және орта бизнесті қолдау үшін: көптеген қаржылық бағдарлама бар. Олар: «Бизнестің жол картасы — 2025», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы, «Агробизнес-2020» бағдарламасы және тағыда басқа. Сондай-ақ, сервистік қызмет, шетелдік мамандарды тарту, шетелдік компанияларда тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін «іскерлік байланыс» жобасы, бизнес мектепте оқыту секілді қаржылай емес қолдау түрін де көрсетеміз. Бизнес құқығын және мүдделерін қорғау, бизнестің қызметіне қатысты заңнамалық және басқа да нормативтік қағидаларды қалыптастыру үрдісіне барлық кәсіпкерлердің кең көлемде қамтылуы мен осы үрдістерге кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлердің құқығын қорғаудан өзге, Ауылшаруашылық, адами капиталды дамыту, тауардың шығу тегін сертификаттау, жобаларды сүйемелдеу бөлімдері жұмыс істейді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында басым жобаларды қолжетімді несиелендіру міндеттерін шешу мақсатында ірі жобаларды сүйемелдейміз. Қазір облыс бойынша жалпы құны 63,9 млрд теңге болатын 410 жоба бар. Ал 16,4 млрд теңгеге 127 жоба қаржыландырылса, 4,8 млрд. теңгеге 39 жоба мақұлданған. Бүгінгі таңда біздің облыс қаржыландырылған жобалар саны бойынша алдыңғы орында,-дейді Мади Ибадуллаұлы.

КӘСІПТІ ӨРКЕНДЕТУГЕ ЖӘРДЕМДЕСЕДІ

Облыстық кәсіпкерлер палатасының 15 ауданда филиалы бар. Сонымен қатар Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі жұмыс істейді. Құрамы облысымыздың 32 бизнес өкілінен тұрады. Олар — кәсіпкерлікті дамытады, өркендету және нығайту бағытында кеңес береді. Палата дирекциясына мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға, басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды іске асыруға жәрдемдеседі.
Сонымен қатар, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы жанында Іскер әйелдер кеңесі де құрылған. Іскерлік ортада әйелдердің белсенділігін арттыру мақсатында бір одаққа біріккен бұл кеңестің өз алдына қойған бас-ты мақсаты – қыз-келіншектерді мүмкіндігінше кәсіпкерлікке тарту.

КАРАНТИНДЕГІ ҚОЛДАУЛАР

Әлемді жайлаған «Covid-19» індеті денсаулық сақтау саласымен қатар, әлемдік экономиканы да ақсатты. Мемлекет өз тарапынан халыққа қол ұшын беруге, кәсіпкерлерді қолдауға, індеттің алдын алуға әртүрлі шаралар ұйымдастырып, шешімдер қабылдап жатыр.
–Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты бизнес қиын жағдайды бастан өткеріп жатыр. Мейрамханалар, кафелер мен базарлар, кинотеатр мен дүңгіршектер жұмысын тоқтатты. Қаншама жан жұмыссыз қалып, бизнесмендер табысынын айырылды. Облыс аумағына кіріп-шығудың шектелуі жағдайды тіпті қиындатты. Құрылыс саласы, көктемгі егіс науқаны, жұмыспен қамту жол картасы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары карантин режимге қарамай жұмыс істеді. Осы мәселені шешу үшін Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге жедел көмек көрсету штабын құрды. Жедел штаб құрамына кіретін Палата қызметкерлері күн сайын «жедел желі» байланыс нөмірлері арқылы кеңес беріп, қажет болған жағдайда қала шекарасы арқылы көлікті өткізу мәселелерін шешу үшін блокбекеттермен байланысты. Кәсіпкерлердің рұқсат қағазын алуын қадағалады,- дейді Мади Ибадуллаұлы.

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС

Мади Ибадуллаұлының айтуынша, жаппай шараларды өткізуге тыйым салу, кинотеатр, балалар ойын алаңдарының, сауда және ойын-сауық кешендерінің жабылуы және басқа да шектеулер кәсіпкерлер үшін әртүрлі проблемалар тудырды. Салдарынан кәсіпкерлер азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындай алмай, жұмысының тоқтатылуынан көптеген шығынға ұшырады. Атап айтсақ, сауда орталықтарындағы, базардағы сауда орындарын жалға алу және оны пайдалану мүмкін болмай қалды. Нәтижесінде екі тарап та зардап шегуде.
–Қазіргі таңда Түркістан облысында 126 сауда орталығы, 86 базар, 550 кафе мен мейрамхана бар. Сондағы орындарды жалға алушылар мен жалға берушілердің арасында түсініспеушілік туындап жатыр. Біз солардың арасында келіссөз жүргізіп, ақылмен әрекет етуге шақырамыз. Екі тарап та, бір мәмілеге келуі керек. Ол екі тарапқа да тиімді болуы шарт. Себебі, жалға берушінің банк алдындағы міндеттемелері бар болуы мүмкін. Осы негізде, қазіргі таңда Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы келіссөздер жүргізді. Кейбір нысандар жабылғандықтан жалға алушылар жұмыс істемей, табыс көзінен айырылды. Соны ескере отырып, кейбір жалға берушілер жалдау ақысын алуды тоқтатып, немесе ақы сомасын қысқарту мәсесесін қарастырған. Кейбірі әр нысан бойын-ша жеке қарастырып, не тек жұмыс істеген күні үшін ақы алуда,-дейді Мади Ибадуллаұлы.
Палата тарапынан жасалған жұмыс нәтижелері бойынша базар иелерінің — 80%-ы төтенше жағдай мерзімінде жалдау ақысын тоқтатқан. 15%-ы жалдау ақысын 30-70%-ға төмендеткен. Ал сауда орталығы мен сауда үйлері иелерінің 40%-ы жалға беру ақысын тоқтатыпты. 8%-ы жалдау ақысын төмендеткен. Кафе мен мейрамханаларға келетін болсақ, нысан иелерінің (мейрамханалар бойын-ша) 70%-ының өздері қызмет көрсетеді. Қоғамдық тамақтану орындары өз қызметін тоқтатпағандықтан, яғни тек шектеулермен қызмет көрсеткендіктен иелері жалдау ақысын төмендеткен. Ал 5%-ы жалдау ақысын алып тастаған.
Кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік мүлікті жалға алу мәселесіне келсек, елімізде коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау бойынша қабылданған шараларды ескере отырып, 20 наурызынан бастап мемлекеттік меншікті жалға алушылар төтенше жағдай кезінде, сонымен қатар барлық оқушылардың (мектеп асханасы үшін) мәжбүрлі демалысқа шағуына байланысты, жалдау төлемдерінен босатылыпты.
– Бұл тек біздің елде ғана емес, әлемде болып жатқан қиын жағдай. Кәсіпкерлердің қиындықтарға тап болғанын да түсінеміз. Бірақ, қабылданатын шараларға түсіністікпен қарауға шақырамыз. Қазір кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы офлайн қызмет көрсетуге дайын. Коронавирустың таралуын болдыртпау мақсатында жеке қорғану құралдарын: маскалар мен резеңке қолғаптарды киіп жүріге кеңес береміз, -дейді палата директорының міндетін атқарушы.

 

АНЫҚТАМАЛЫҚ:

Атамекен» ҰКП Түркістан облысы филиалының тел:
8 (72533) 5-98-98, 5-97-97
call-center 8778 134 29 96

Филиалдары:
1. Арыс қ., Қонаев көшесі, 9
Тел: 872540/59154

2. Кентау қ., Абай даңғ., 10Г
Тел: 872536/40624

3. Бәйдібек ауданы, Шаян ауылы, Сейфуллин көшесі, н/з
Тел: 872548/21750

4. Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылы, Қонаев көшесі,2 Д
Тел: 872539/79079

5. Жетісай ауданы, Жетісай қаласы, Байбутаев көшесі, 28 Б
Тел: 872534/63366

6. Ордабасы ауданы, Темірлан ауылы, Абасов көшесі, 11
Тел: 872530/79206

7. Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Әуезов көшесі, н/з
Тел: 872544/21614

8. Сайрам ауданы, Ақсукент ауылы, Абылай хан көшесі, 66
Тел: 872531/20068

9. Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы, Жібек жолы көшесі, н/з
Тел: 872546/79133

10. Төлеби ауданы, Ленгер қ., 1мкр, 15А
Тел: 872547/59907

11. Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылы, Қонаев көшесі, 16 А
Тел: 872538/51590

12. Шардара ауданы, Шардара қ., Аширов көшесі,н/з
Тел: 872535/21394

13. Сарыағаш ауданы, Сарыағаш қ., Исмаилов көш., 23
Тел: 872537/23684
14. Мақтаарал ауданы, Мырзакент қ.,
Тел: 872534/61957

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №21-22, 27 мамыр 2020