Түркістан облысы полицейлері көршісінің ноутбуктарын ұрлаған жас жігітті ұстады
Төлеби АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша белгісіз тұлға оның үйіне заңсыз кіру арқылы 2 дана ноутбугын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 300 000 теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді.
Осындай ұрлық жайтымен полиция бөліміне тағы бір тұрғын шағым түсірді. Ер адам өз арызында тұрғын-үйінің ауласында есігі ашық тұрған көлігінен белгісіз тұлға 80 000 теңге тұратын ұялы телефоны мен әмиянындағы 20 000 теңге ақшасын ұрлап кеткенін жеткізді. Осы дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, «Ұрлық» бабы бойынша енгізілді.
Орын алған бөтеннің мүлкін ұрлау жайттарын ашу, қылмыскерді ұстау мақсатында аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, шұғыл әрекет етті. Көрген-білгендерден жауап алып, ұялы телефон сататын сауда орындары, ломбардтар тексеріліп, барлық қажетті шаралар жүзеге асырылды.
Нәтижесінде полицейлер күдіктінің жеке-басын анықтап ұстады. Ол ноутбугы ұрланған жәбірленушінің көршісі болып шықты. Күдікті ретінде танылған жергілікті тұрғын, жас жігіт бұрын да ұрлық жасап сотты болғаны анықталды. Тергеу барысында анықталғандай күдікті өз кінәсін толық мойындады. Ол ұрланған заттарды ломбардқа өткізіп, ақшасын өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Қазіргі таңда жинақталған іс-құжаттары ҚР ҚК-нің 188-бабымен сотқа жолданды. Күдікті қамауға алынды.
Түркістан облысы полицейлері қылмыстың алдын алу мақсатында насихат жұмыстарын да жүргізуде. Осы орайда азаматтарға бағалы заттарыңызға барынша сақ болыңыздар деп ескертеді. Үйіңіз бен қақпаңыздың, көлігіңіздің есіктерін ашық қалдырмаңыздар. Аулаңызға бейнебақылау камераларын, дабылқақыш орнатыңыздар. Бұл өз кезегінде сізді ұрылардың оңай олжасына айналуыңыздан сақтайды.