Жиналған бұл жұрттың алды «Керемет» тұрғын үй алабына 2013 жылы көшіп келген. Сол кезде Сайрам ауданына қараған аумақ 2014 жылы Шымкент қаласына еніпті.
Бірақ, содан бері өзгерген ештеңе жоқ дейді тұрғындар. 6 жылдан бері баяғы жартас сол жартас. Не ауыз су, не мемлекеттік жарық, не көгілдір отын мәселесі шешілмеген.
Тұрғындардың айтуынша, мұнда жеке өкілдің жарық жүйесі жүргізілген. Оған төленетін қаржы да аз емес. Ел бір айда электр тоғы үшін кемі 19 мың теңге береді. Екі күннің бірінде өшетін электр тоғына байланысты жер астынан шығатын ауыз су да байланып тұр. Осылайша мұндағы жұрт жарық өшсе, қараңғыда ғана қалып қоймай тіршілік нәрінен де қол үзіп қалады. Мұны айтып ел әкімдікке де талай бардық дейді. Алайда, уәде берген жағалылар сөзі сол жерде қалды дейді ашынған тұрғындар.
Жұрттың жанайқайынан аумаққа жауапты Қаратау ауданы әкімдігі хабардар. Сөздерінше, коммуналдық жүйені талап еткен ел оларға бірнеше рет келген. Алайда, мәселенің жуық арада шешілмейтінін жеткізгенбіз дейді сала мамандары.
Айта кетейік, тұрғындардың өздері тұрып жатқан елдімекен атауынан да бейхабар болып шықты. Айтуларынша, бұл «Керемет» тұрғын үй алабына жатады. Ал Қаратау ауданы әкімдігінің өкілі тұрғындар шу шығарған аумақ Бозарық саяжайына қарасты екенін алға тартты.
6 жылдан бері ауыз суды тасып ішіп, жарық өшсе майшаммен отырған елдің жағдайы жуық арада шешілмейтін болды. Өйткені «Керемет» тұрғын үй алабына өркениет тек 3 жылдан кейін келеді деп жоспарланған.
Назерке Үкібасова