Мемлекеттік рәміздердің құны қанша?

327

Шымкенттегі ең үлкен ту көлемі 16 метрге, ал Елтаңба 3 метрге жетеді. Қаладағы рәміздер құны да сан түрлі. 4 мың теңгеден басталып, 4 млн. теңгеден асады. Айта кетейік, елдегі санаулы рәміздер баспаханасының бірі Шымкентте орналасқан. Орталық мамандарының сөзінше қалада мемлекет символына деген сұраныс аз емес.

Шымкенттегі ең үлкен ту Тәуелсіздік саябағында орналасқан. Ұзындығы 16 метрге жететін бұл жалау 2011 жылы тігілген еді. Ал, елтаңбаның ең көлемдісі қала әкімдігінде тұр. Көлемі 3 метр мемлекеттік рәміз құны да арзан емес. Осылай деген «Ернияз» баспаханасының жетекшісі ұлттық символды негізінен мемлекеттік орындағылар алатынын айтады.

Ербол Дайрашов, «Ернияз» баспаханасының жетекшісі: «Рәміздерді көбіне мемлекеттік мекемелер тұтынады. Жеке адамдар аз тұтынады. Прайс бойынша белгіленген бағалары бар. Қолжетімді. Жеке тұлғалар үшін де, мемлекеттік тұлға үшін де. Ең кішкентайынан үлкеніне дейін 7-8 көлемі бар. 4 мың теңгеден 4 млн. теңгеге дейін кете береді».

Бірақ, құны баға жетпес бұл символдарды қор қылғандар да жоқ емес. Мәселен, тудың қоқыс салғыш дорбаға айналған бейнесі әлеуметтік желіде таралып, ел арасында дау туғызған еді. Біраз жыл бұрын орын алған бұл оқиғадан ел азаматтары сабақ алмаған сыңайлы. Себебі мемлекеттік рәміз бейнесі таяуда ғана қайта қоқыстан табылды.

Айта кетейік, ұлттық символға жасалған қорлық жазасы да қатаң. Жүгенсіздер 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ, аттестатын, жаппай қоқысқа тастаймын деп ел назарын қаратқан мектеп түлектері кешірім сұраумен құтылды.

Кей жастар бүтін мемлекеттің бейнесін қоқысқа тастаса, кейбірі әлемдік аламанда төрге шығарады. Көк ту мен әнұран әсіресе төртқұрлықтың басты бәсекесінде ерекше қасиетке ие. Және сын сағатында бүтін мемлекетті біріктіретін күш береді. Қазақстандықтар мұны карантин режимінде үйде отырғанда дәлелдеді.

Назерке Үкібасова