Отбасында тыныштық орнауы күйеуі мен әйелінің қарым-қатынасына ғана тәуелді ме? Редакциямызға хат жолдаған оқырманымыз жан-жарымен ара қатынасы өте жақсы болғанына қарамастан шаңырағынан тыныштық кеткенін айтады. Басынан кешкенін баяндап, психолог кеңесіне жүгінген оқырманымыздың оқиғасын қаз-қалпында жарияладық.

Сәлеметсіздер ме, «Оңтүстік Рабат» газетінің ұжымы.
Үш баланың анасымын. Күйеуім екеуміз бір-бірімізді жақсы көріп отбасын құрдық. Үйленер алдын 2 жылдай қыз-жігіт болып жүрдік. Шүкір, отбасылы болғанымызға 6 жылдан асса да арамызда үлкен түсінбеушілік болмады.
Ол көп сөйлемейтін, мінезі ауыр адам. Айтайын дегенім – жолдасыңмен қарым-қатынасының жақсы болған күнде де енеңе жақпасаң, қиналатын кез көп болады екен.
Балаларымның әкесі – отбасының кенжесі. Қайынағаларымызбен өте жақсы араласамыз. Бауырлардың сыйластығы өте жақсы. Осы әулетке келін болып түскелі олардың бет жыртысып жатқанын көрмедім.
Ал қыздары керісінше. Ешқашан тыныш жүрмейді. Жеңгелеріне де келіндеріне де тыныштық бермейді. Қара шаңырақта тұратын маған көп тиіседі. Енемді үнемі маған қайрап салып отырады.
Алғашқы бес жыл бойына енемнің алдынан қарсы шыққан кезім болмады. Ол кісіні үнемі сыйлап, тек құрметтей берсем, бір күні мені жақсы көріп кетер деп ойладым. Сол үшін де тынбай еңбектендім. Үйімнен көрген тәрбием – ешқашан үлкендердің бетінен қақпай, оларды сыйлау.
Алғаш келін болып түскенімде, күйеуімнің алдындағы ағасы мен жеңгесі 3 күннен кейін бөлек шығып кетті. Дайын тұрған үйі болмаса да кездескен үйге асығыс көшті. Абысыным кетіп бара жатып, маған сабыр тілеп кеткені есімде. Айтуынша, енесі мен қыздарының араласуынан, 2 жылдың ішінде ағамызбен бір емес, бірнеше рет екі жаққа кетіп, қайта қосылған.
Алғашында кінәні абысынымнан іздедім, өйткені жасы кіші адам әрқашан сыйлап, айтқанын орындап тұрса, еш мәселе болмайтынына өзімді сендірдім. Бірақ бәрі мен ойлағандай тамаша болмады. Келін болып табалдырық аттағаныма 2 апта болмай-ақ, енем құйған шайымды, пісірген тамағымды жақтырмай бас-тады.
Жуып берген киімдерін ұнатпай, өзі қайта жуады. Мұның бәріне көз жұмып қарасам да көңіліме қатты тиетін. Сонда да күйеуім үшін, енеме қарсы келмедім. Тек айтқанын орындадым.
Мен үндемеген сайын енем мен айтпаған сөзді айтты қылып, от сала бастады. Оны қыздарына айтады, қыздары бірінен соң бірі хабарласып, жаман сөйлейді. Телефон көтермей қойсам, SMS арқылы бұрын-соңды естімеген сөздерді жазып, көңіл-күйімді түсіретін.
Бастапқы жарты жылдай бұл туралы күйеуіме де тіс жармадым. Бір күні ең үлкен абысынымыз үйге қыдырып келгенде қатты қиналып жүргенім сонша сол кісіге жылап бәрін айттым. Абысыным еш таңданбады, өйткені енеміздің қылығын өте жақсы біледі екен.
«Сен қалайша үндемей жүрсің, сенің тарапыңнан ешқандай шағым болмаған соң енеміз өзгерген шығар» деп ойлап жүр едік» деп ашық айтты.
Тұңғышыма аяғым ауыр еді. Туған анама бұл жағдайды айту қиынға соқты. Жолдасым жанын салып сыйлап, құрметтеп тұрса да, екеуміздің арамызда ешқандай ыңғайсыз жағдай туындамаса да, ерлі-зайыпты ретінде бізде бәрі жақсы болса да күйзеліске түсе бастадым. Анасы екеуінің арасына түспейін деп болған жағдайларды күйеуіме де айтпадым.
Жан-жарыңмен бәрі тамаша бола тұра енең тарапынан тек қана жек көрініш сезінсең бәрібір күйзеліске түседі екенсің.
Бұл қиындықтан ол кісіні өте қатты сыйлап шығатыныма сенімді болдым. Бірақ болмады. Тіпті психолог кеңесіне де жүгіндім. Алайда психолог та «енеңді сыйлай сал» дегеннен артық ештеңе айта алмады. Егер сыйлағаннан өзгеретін адам болса, өзгерер еді.
Енемді туған анамды сыйлағандай-ақ сыйладым. Осы соңғы жылы көңіліме тиген қылықтарын ашық айтатын болып жүрмін. Бұдан өзгеріп жатқан енем жоқ.
Балаларымның әкесі бір кездері қатты қиналып жүргенімді сезсе керек, мені әңгімеге тартты. Айтқан сөзіне сене алмадым. Айтуынша, ол анасының сырын беске біледі. Осы кезге дейін жеңгелерінің бәрі қатты сыйласа да ешқайсысының қадіріне жетпеген айтты. Бірақ анасы болған соң әрекеттерін мейлінше көңіліме алмауымды өтінді. Ол көбіне жұмыста болады.
Мен балаларға қарап, үйдемін. Үйді тап-таза ұстап, қонақ келсе жақсы күтемін. Кірін жуып, шай-тамаған уақытылы дайындап беремін. Қайда барғысы келсе, жібереміз. Той-томалақтан еш қалдырған емеспіз. Бірақ сонда да біз көңілінен шықпаймыз.
Әйтеуір өміріне разы емес адам. Кейде ниетінен, пиғылынан қорқамын. Қыздары қыдырып келсе, не оларға барып келсе, мүлдем 180 градусқа өзгереді. Сондай кезде тіпті үйімізден береке кетіп, тоздырып жібереді.
Анам – ақылды адам. Күйеу баласының көңілін ойлап, бірде-бір рет құдағиына артық әңгіме айтқан емес. Ал енем болса, анам келгенде мені жамандап алады. Соңғы кезде қарсы шығатын болдым. Бірнеше рет өзіне не жетпей жүргенін айтып, айқайлап та салдым.
Ол кісі бәрібір сол қалпында. Ешқашан қабағы ашылмайды. Тек қыздары келгенде ғана күлгенін көреміз. Мені ол кісіге не жетпейтіні мазалайды. Шынымды айтсам, сол сұраққа еш жауап ала алмадым. Ал енді немерелерін қатты жақсы көрмесе де жек көрмейді. Кейде ұрсып жатса, кейде еркелетіп отырады. Бірақ қыздарының балаларына қарағандай қарамайды. Біз ол кісінің ақшасына мұқтаж емеспіз. Бірақ, зейнетақысын көбіне қыздарына береді.
Олар көмекке мұқтаж жандар емес.
«Шүкір, күйеуің екеуіңде бәрі жақсы екен, одан артық не керек?» дейтін шығарсыз. Шынымды айтсам, үйдің үлкені үйдің берекесін кетірсе, өте қиын екен. Кейде дастархан басында сол кісімен ренжісіп қалсақ, тамақ та дұрыс іше алмай қиналамыз. Мен қаншама рет ашық сөйлесуге тырыстым. Бірақ мені тыңдамады. Не ұнамайтынын, біздің қай тұсымызға көңілі толмайтынын бәрін ашық сұрап әңгімелесуге талпындым. Алайда енем оған мұрша бермейді.
Тұрмысқа шыққаныма алты жылдан асса да әлі тіл табыса алмадық. Маған әліге дейін көңілі толмайды. Баласымен де көп әңгімелеспейді. Баласына да «шешеңмен сөйлес» десем де сөйлеспейді.
«Ол жалпы өміріне разы емес адам» деп сөйлескісі де келмейді.
Күйеуім әпкелеріне де ренжи ма, үйлеріне бармайды. Осындай ештеңеге разы болмайтын, үйдің берекесін қашыратын адаммен қалай тіл табысуға болады, қалай ашық, бүкпесіз әңгімеге тарта аламын? Сыйластықтан еш нәтиже шықпады. Ашуланған кезімде айқайласам да кейін өкініп қаламын. Түсінгенім айқайдың да жақсы нәтиже бермегенін көрдім.
Отбасымыздың шырқы әр шаңырақтың ұйытқысына балайтын үлкеніміздің кесірінен бұзылмаса екен. Балаларымыз өсіп келеді. Тыныш ортада өскенін қалаймын. Бір қызығы басқа ұлдарының үйіне бармайды. Қай келініңізді ұнатсаңыз, соның қолына барып тұрыңыз, болмаса сол адамды шаңыраққа алып келіңіз деп те айттым. Өйтпейді.
Бар ойын қыздары бұза ма оны да білмедім. Қыздарымен де сөйлестім. Олар да мені тыңдаған жоқ. Енді не істесем болады?
Тіпті кей кездері қылықтарынан қан қысымым көтеріліп, қазір ойнамалы болып қалды. Ауру болатын түрім бар.
Отбасымның тыныштығын қалай қорғаймын? Не істеймін? Кеңес берсеңіз екен. Мүмкін хатымда өзімді тым кінәсыз көрсеткен де болармын. Бірақ шындық осы. Мен барынша жақсылықты қалаймын.
Бірақ қолымнан келмей жатыр. Енемнің тар пиғылынан қорқамын.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №21-22, 27 мамыр 2020 ж