Қазір Түркістан облысының аудан-ауылдарында науқастардан өкпе қабынуы, яғни пневмония диагнозы жиі тіркелгені туралы хабар тарап жатыр. Осы орайда Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов пен облыстың бас санитария дәрігері Нұрбек Нышанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз брифингін өткізді.
Басқарма басшысы Марат Пашимовтың сөзінше, қазіргі таңда Түркістан қалалық орталық ауруханасына тұмау белгілері байқалатын азаматтар келіп, дәрігер көмегіне жиі жүгініп жатыр.
–Науқастарда дене қызуының көтерілуі, жөтел және әлсіздік байқалған. Медициналық тексеру нәтижесінде науқастардан пневмония, яғни өкпенің қабынуы анықталды. Тексеру барысында науқастардан коронавирус инфекциясына теріс нәтиже шығып жатыр. Ауруханаға түскен азаматтардан шұғыл түрде Covid-19 инфекциясына талдама алынады. Талдама анықталғанға дейін олар провизорлық бөлімде ем қабылдап, теріс нәтижесі шыққандары аурухана бөлімдеріне жатқызылып, тиісті емдерін қабылдайды. Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша ауруханаларда 303 науқас пневмониядан ем қабылдауда. Жалпы, 87 азамат жазылып шыққан. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде ауруханаларда орын жетіспеушілігі туралы қауесет тарады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ауруханаларда науқастарға төсек-орын жеткілікті. Кентау қалалық орталық ауруханасында 50 орынға арналған соматикалық бөлімше қайта даярланды. Түркістан қалалық орталық ауруханасында да қосымша 30 төсек-орын әзірленген. Осы жағдайға байланысты науқастарды жоспарлы жатқызуларға шектеу қойылған. Жеке клиникалар да өздеріне бекітілген тұрғындарға тиісті медициналық қызмет көрсетеді, — деді Марат Пашимов.
Сондай-ақ, облыстың бас дәрігері барша тұрғынға медициналық бетперде тағып, антисептикалық заттарды үнемі қолдануға және екі метр қашықтықты сақтай отырып, қауіпсіздік шараларын қадағалауды ескертті.
Ал бас санитария дәрігері Нұрбек Нышанов карантин режимі облыс аумағында эпидемиологиялық ахуал тұрақтанған кезеңге дейін жалғасатынын айтты.
– Эпидемиологиялық ахуал тұрақтануы үшін өсім 1 апта көлемінде 5%-дан аспауы қажет. Егер өсім 2%-дан аспаса, қосымша жеңілдіктер енгізілуіне негіз болады. Ал өсім көрсеткіші төмендемесе, карантин талаптар қайта күшейтіледі. Қарапайым сақтық шараларына ерекше назар аударылуы тиіс екенін еске саламыз. Атап айтқанда, екі және одан көп адамның бірлесіп серуендеуі кезінде міндетті түрде бетперде тағып, әлеуметтік қашықтық (2 метрден кем емес) сақталуы тиіс, — деді Нұрбек Нышанов.
Ол отбасылық іс-шараларға, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларына, сауда-ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің, түнгі клубтардың, батут және фудкорттардың жұмысына, мал базар қызметіне тыйым салынғанын хабарлады.
Карантин режимін және шектеу шараларын сақтамаған тұлғаларға ҚР заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шара қолданылады екен.
Бас санитария дәрігері айтқандай, тұмау ауруының бірнеше түрі бар. Қазір өңірде Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) тіркеліп отыр.
– Бұл ай сайын тіркеледі, бірақ бұл тұмау ауруы емес. ЖРВИ ауруы жыл он екі ай боп тұрады. Қазір ауруханаларға көп адам жүгініп жатқанына келсек, адам салқындағанда, суықтағанда, ыстығы көтерілгенде, ауруханаға барғаны дұрыс. Қандай жағдайда ыстығы шықты, суықтады, қалтырады? Мұның бірнеше себебі бар. Мысалы, бөлмеде отырғанда, жұмыс істегенде желдеткіштерді қолданамыз. Сондайда ыстығы шығады, салқындайды, тітіркенеді. Бұдан бөлек, шомылу қағидаттарын сақтай бермейді. Балалар жиі шомылып жатыр. Суық суға түспеу керек, адам дене температурасына сәйкес суға шомылған дұрыс.
Дене шынықтырумен айналысып, дәруменге байытылған тағам тұтынып, қарым-қатынас қауіпсіздігін сақтау керек. Үй жағдайында түшкірген, ыстығы шыққан, жөтелген азаматтар болса, олардан сақтану керек,-дейді бас санитария дәрігері.
Нұрбек Нышановтың айтуынша, 15 маусымдағы жағдай бойынша, Түркістан облысында коронавирус індетін жұқтырған 594 жағдай тіркелген. Ауырғандардың 7- і қайтыс болып, 265 адам жазылып шыққан.
«Оңтүстік Рабат», №25, 17 маусым 2020 ж