«Қайынжұртымның бағы маған ауып кетті…»

645
фото pinterest.ru

«Өмірдің өзі…» айдарына оқырмандарымыздан тағы да бір хат келіп түсті. Өз өмірінен сыр шертіпті. Мархабат…

«Өткен өміріме өкінбеймін. Әр істің де қайыры болуы керек деп санаймын. Өзекті өртейтін өкініш болса да арты қайырлы болса тағдырыңа рахмет айтасың. Бәрін басынан бастайыншы…

Қыз болып бұлаңдап бойжеткенімде бет біткеннің сұлуы едім. Ауылдағы апам айтпақшы «Жаяу кісі жатып, атты кісі түсіп қарайтындай» сұлу болып, сылаңдап бойжеттім. Көн етіктіні менсінбей, көк етікті кезікпей жүрген шақта алып қашудың құрбаны болдым. Артымнан өріп жүрген көкезудің бірі еді. Алғаш көргенде ақ ұнамаған. Сумаңдап сөйлейтінін, айналаны тіміскілей қарайтын ұры көзін жақтырмап едім. Оның да өзіндік себебі бар екенін кейін білдім…

Асаулығым сол сәтте ақ басылды. Қайтып келу қайда, ол кезде қайтып келген қыз бүкіл ауылға қарабет болатын. Өз бақытымнан көрі әке шешемнің абыройын ойладым. Босаға аттап қойған соң бүкіл ауылдың кемпір сампыры алдыма жатып алды. Аттап кете алмадым.

Бір көңілімді тоғайтқаны барған жерім бақуатты екен. Қайынатам өмір бойы есеп қисап маңайында істеген. Екі қабатты зәулім үй, ас та төк дастархан. Жоқ жітік жерден шыққан маған ертегі әлеміне еніп кеткендей бір күй еді. Сүймеген жанға қосылдым деген өкініш өзегімді өртейтін алдын. Кейін келе оның орнын байлықтың буы басты.

Артымнан келген киім кешекті сол күні ақ тығып тастағам. Арзан құрзан көшеге киюге жарамайтын көйлек көншекті көріп намыстандым. Енем түсінігі мол жан еді жарықтық. Тиіп тұрған үлкен қалаға апарып қымбат киімдерге малындырып тастады. Кеңестің кезі қымбат заттарға анау мынаудың қолы жете бермейтін. Қайынатам қымбат ішікті де, алтын әшекейлерді де таныстары арқылы алып берді. Түс көргендей басқа бір әлемге еніп кеттім. Жолдасыма да бірте бірте бауыр басып кеттім.

Бір үйдің жалғыз баласы болғандықтан аузынан шыққан сөзі заң. Атам да, енем де айтқанын екі етпейді. Ал менің аяғым ауырлаған соң тіпті патшайымдай күтті. Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда. Асыл мен жауһарға көмілдім. Жалғыздың жары деп, оның үстіне ұрпақ жалғастырушы деп өбектеп асты үстіме түсті. Үй тірлігін қызметші жасайтын. Менің міндетім ара тұра тамақ істеп, ата енемнің шәйін құйып беру. Басқа тірлік жоқ. Шалқып тасқан күндер өтіп жатты. Көпбалалы, жоқ жерден шыққан басым мынадай байлыққа күмп беріп түскен соң,бақыттан басым айналғандай күй кештім. Күйеуімнің шәдірең мінезі де, анда санда ішіп қоятынын да бәрін байлықтың буы басып кететін. Айы күнім жетіп, шекесі торсықтай ұл таптым. Ата -енем ат аяғы жететін жердің бәрін шақырып ас та төк шілдехана жасады. Атұстар тапқаным үшін гауһар тасы бар қымбат сырға, сақина сыйлады ата-енем. Бұдан кейін де баламның отырғаны, жүргені, жасқа толғаны, сөйлегеніне де атам алтын мен гауһарды үйіп, төкті. Қос уыс толатын алтынды алақаныма салып отырып, ішер асқа, киер киімге жарымай өскен балалық шағым елестейтін. Шүкіршілікті көп айтатынмын.

Балам туылғаннан жууды бастаған күйеуімнің ішуі жиілеп кетті. Жұмыс істемейтін, әкесінің тапқанын ішіп жеп, қымбат көлік мініп шалқып жүретін оның ішуден басқа ермегі де жоқ-тын. Достарымен ілесіп кейде апталап ішуді үдетті. Атам іс насырға шауып бара жатқан соң ауруханаға жатқызып емдетті де. Бірақ еркеліктен есі кеткен баласы адам болмайтынға кетті. Енемнің зары да, атамның тоқпағы да тоқтата алмады.

Одан құмар ойынға салынды. Еріккен достарына ілесемін деп ұрлыққа да барды. Ештеңеден таршылық көрмеген күйеуімнің ұрлыққа не үшін барғаны миыма кірмейтін. Оның айналаны тінтіп қарайтын көздерінің сырын енді ұқтым. Бірінші рет ұсталғанында атам біраз шығынданып шығарып алды. Екіншісінде де солай болды. Одан үшінші, төртінші, бесінші рет… Осылайша жалғаса берді. Атамның жиған тергенінің түбі де көрініп қалды. Соңында түрмеден шығарып алуға атамның шамасы келмей де қалды. Бір жыл күттім, екі жыл…

Жастығымды жасқа шылап түнімен жылап шығатынмын. Түрмеде туберкулез жұқтырып ақырып күйеуім о дүниелік болды. Жылын өткізгеннен кейін қайынатам  маған ризашылығын айтып, рұқсатын берді. Немересіне қарайласып тұратынын айтып, жылай жылай қалды. Қарт кісінің жылағаны жаныма қатты батты. Аз маз қалған ақшасына қаладан бір бөлмелі пәтер әперді. Оған да шүкір.

Содан тоқсаныншы жылдардың аласапыраны басталды. Ала қап арқалап базарға шығып кеттім. Баяғы қос уыс алтынның пайдасы осы кезде тиді. Біраз ақшаның басын құрап, көрші елден азық түлік әкеп сата бастадым. Бәрібір әйел адамға сауда жолында жүру қиын екен. Ақшамды жеп кеткен, алаяқтарға алданған күндерімде болды. Жылаудан басқа қолымнан ештеңе клемейтінін біліп, белімді бекем буып қайтадан іске кірісетінмін. Көрген қиыншылығымды айтып тауыса алмаймын…

Ақшаның басын құрап, бір дүкен аштым. Одан кейін екіншісін, одан үшіншісін… Енді тек қана сол дүкендерден түскен ақшаны санап алып отыратын болдым. Аз ғана уақыттың ішінде шылқыған бай болып шыға келдім. Атамның аманаты баламды аяқтандырдым. Кейінірек таныстарымнан сұрастырсам, қайынатам мен енем жағдайлары қиындап, үйлерін сатып, пәтер жалдап тұрып жатыпты. Аманаттарын көрсетіп қайтайын деп көп іздедім оларды. Бірақ таба алмадым. Қатты сөзі өтпеген қайынатам мен енемді жақсы көретінмін расында. Ақыры екі жыл өткен соң олардың бақилық болғанын естідім. Бір танысым «Бар бағымыз келінімізге ауып кетті. Бақ бізден осылай көшті. Өкінбеймін. Немерем көрер бар жақсысын. Ұрпағымды жалғайтын немерем бар. Соған шүкір» деп айтқан атамның сөзін жеткізді. Атамның айтқаны да рас шығар. Босағамызға бақ бітпеген кедей жерден шыққан мен солардың бағын арқалап жүрген шығармын расында…».

Айғаным, Шымкен қаласы