Қожа Ахмет Ясауи есімін естіп, білсек те, оның тұлғасын жеткілікті танимыз ба? Ясауи өмірбаянына қатысты ауыздан ауызға таралған аңыздардан басқа не білесіз? Баба тұлғасын таныту мақсатында Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ұйымдастыруымен философия ғылымдарының докторы профессор Досай Кенжетай «Түркістан және Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы» тақырыбында онлайн лекция өтті. Лекцияға қатысып, ғалым сөзін жазып алдық.
«Ясауи тұлғасын халық жадындағы мәліметтен танимыз»
«Қожа Ахмет Ясауи тұлғасын тарихи санадағы іздер арқылы танимыз» деген Досай Кенжетай тарихтан жатталып, жадымызда жеткен қандай ақпараттар арқылы танитынымызды айтып берді.
–Тұлға деген сөздің арабшасы – «Шахсиет». Бұл «Шахсиет» деген сөздің мағынасы – бір құбылыстың пайда болуы, дамуы, өсуі және тарихта, кеңістікте көрінуін білдіреді. Сөздік мағынасында осылай болса, терминдік мағынасында Қожа Ахмет Ясауи біздің тарих сахнамызға шыққан, өзгеріс кезінде де өз тұлғасымен, тарихилығымен, ілімімен, дүниетанымымен тарихта нақышталған үлкен бір тұлға. Өкінішке қарай, осындай тарихи тұлғаның өмір сүрген уақыты мен кеңістігіндегі оқиғалар, себеп-салдар, мақсат-мұраты қалай деген сұрақтарға жауап бере алатын дерекөздер, мәліметтер, жазбалар жоқтың қасы. Тарихтың өзі 3 аяқтан тұрады. Тарихи тәжірибе, тарихи сана және тарихи таным. Біз Ясауи тұлғасын сол тарихи санадағы іздермен танимыз. Тарихи санадағы із дегеніміз – бір оқиға, бір тұлға, бір құбылыс, бір әулие туралы халықтың жадында сақталған, ауыз әдебиетінде жатталған, мифологиясында, әфсанасында, әдебиетінде, тұрмыс салтында, ойлау жүйесінде сақталып қалған, бірақ хат ретінде сақталмаған мәліметтер. Осындай мәліметтер 13, 14, 15 және кейінгі 19-ғасырда хатқа түсе бастады. Ясауи туралы хатқа түскен мәліметтерде халықтың санасындағы ақпарат орын алған. Екеуінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Ясауи тұлғасын ашу үшін қолданылып жүрген құрма, қылует, шілдехана туралы аңызымыз, мынау зікірлері – бұл тарихтан жадымызда жатталып, бізге жеткен ақпараттар. Біз бірінші тарихи деректерімізді алға шығаруымыз керек. Түркі халқының бүгінге дейін келген, қордаланған тарихи санасы, тарихи тәжірибесі бар. Тарихи сана өткен, бүгінгі және келешек тәжірибе арасында ықпал етеді. Мына тұлға кім, ол қандай тұлға деген мәселелердің барлығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады. Қаласақ та қаламасақ та механизм осындай. Ата бар, әке бар, бала бар. Үш ұрпақтың арасындағы қатынастар тек қана генеологиялық қатынас емес, бүкіл мәдениет, дүниетаным, діни құндылықтардың жалғасып жатқан қабаты. Сондықтан, тарихта Ясауи тұлғасы дегенде ол несімен тарихта қалды, несімен маңызды деген сұрақ әрдайым көкейде тұрады,-дейді Досай Кенжетай.
«Түркістан атауы Ясауи есімінен шыққан»
Ясауи тұлғасының тарих сахнасына шығу мен түркі, Түркістан деген атаулардың тарих доңғалағында пайда болуының арасында параллель бар екенін айтқан Досай Кенжетай Яссы, Түркістан қалаларының атауы Қожа Ахмет Ясауи есімінен қалған атау екенін де түсіндірді.
–Себебі Ясауиге «Пери Түркістан», «Хазірет Сұлтан» деген атақ берген. «Пери» дегеніміз – Түркілердің пірі, ұстазы мағынасында қолданылған. Кейіннен «Пери» деген сөз түсіп қалады да Түркістан сөзі қалып, ақыр аяғында біздің қаламыз осы Қ. А. Ясауи атымен аталады. Демек, бұл қаланың өзі «Ясауидің қаласы» деген мағынаға келеді. Шын мәнінде алысқа бармай-ақ, Орта Азиядағы және қазақ топырағындағы қалалардың атаулары ешбір адам атына қойылмаған. Тек қана Түркістан қаласы ғана Қ.А.Ясауи бабамыздың атымен аталған. Түркістан қаласының ерекшелігінің өзі осы Ахмет Ясауи тұлғасынан көрініс береді. «Бір тұлғаның атымен аталатын қандай қала» дегенде бұл – біріншіден, Түркі, ислам өркениетінің көрсеткіші, екіншіден, түріктердің ислам дініне кіруінің баспалдағы, табалдырығындағы үлкен процестерді анықтауға мүмкіндік беретін ұғым. Кейіннен 19-ғасырларда Түркістан ұғымы Оңтүстік Түркістан, Солтүстік, Батыс, Шығыс Түркістан деген сияқты ұғымдар қалыптасты. Бүкіл түркі халықтары өмір сүретін кеңістіктің барлығы географиялық аймақтарға бөлінді. Кемел Баяти есімді үлкен бір ғалым болған. Соның 1900 жылдары айтқан: «Түрк миллеті ұлттығының негізгі қамырын, ашықтысын ұйытқысын қайдан іздейсің» дегенде «сол Ясауиден ғана іздейсің», сен оны Ясауиден ғана табасың» деген сөзі бар. Сонда бүкіл Түркі болмысын, руханиятын, діни, сая-си болмысының барлығы осы атаумен бірге қаралады. Бұл да бір үлкен маңызды мәселе. Ал енді осындай атаудың осындай болмыстың негізінде Қ. А. Ясауи тұлғасын анық көреміз,-дейді ғалым.
«Ясауи тұлғасына тоқталу»
Досай Кенжетайдың айтуынша, Ясауиге қатысты ақпараттардың барлығы тек аңызбен көмкерілген» деп айтуға болмайды. Осы тұста философия ғылымдарының докторы тарихи тұлғасына тоқталды.
– Енді Ясауидің тарихи тұлғасы туралы біраз айтайық. «Бәрі тек аңызбен көмкерілген» десек адамдар басқаша түсініп қалуы мүмкін. Қ. А. Ясауи туралы тарихи деректер көп. Мәселе деректерде емес, мәселе сол деректердегі мәліметтерде. Қожа Ахмет Ясауи Исфиджаб қаласында туғаны айтылады. Тек қана Әлішер Науаи ғана оның Түркістанда туғаны жайлы бір кітабында айтады. Меніңше «Түркістан» деген жалпы атау. «Түркілердің отаны» деген болуы мүмкін. Ясауидің хихметтерінде де және Манахиб риссалары бар. Сонда Ясауидің туған жері Ақтұрбат, Ақсу, Ақшекер, Ақшақар, Түркия атауларымен беріледі. Енді Ясауи хихметтерінде де оның Түркістанда туғаны айтылады. Ол қала Түркістан емес, облыс көлеміндегі Түркістан екені белгілі. Сайрамда туғаны жайлы мәліметтер де бар. Сол кездегі парсы, араб, түркі тілдерінде кездесетін деректерде Сайрам – Исфиджаб қаласы өте маңызды болғаны, сауда, экономикалық, діни, рухани жағынан маңызды қала болғаны айтылған. Сосын бұл қала «Рабат» функциясын атқарған. «Ребат, рабат» деген қандай функция десеңіз, саяси терминологияда орталық және шет аймақ деген болады. Орталықтан шет және мемлекеттің шекарасындағы маңызды орталықтарды да «Ребат» деп атайды. Себебі ол басқа мемлекеттік болмыспен қарым-қатынас өлшемі. Бүгінгі тілмен айтқанда шекара десек болады. Исфиджаб осындай функия атқарған екен. Сонда Исфиджаб-Сайрам дегеніміз — ислам дінінің Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың орталығына айналған бір қала. Бүкіл ислам дінінің ғылымдары осы Исфиджабта дамығаны да айтылады. Себебі Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасында оның әліппе танып, тәлім алған жері – Сайрам. Исфиджабта Бахауддин Исфиджаби деген кісіден ислам ғылымдарының пәндерін үйренген. Демек, Ясауидің бірінші ұстазы – Бахауддин Исфиджаби деген кісі. Ясауидің сәби балалық шағында ұстаз болған Бахауддин Исфиджаб Ясауи кемел пір дәрежесіне жеткен кезде, яғни бүкіл «Түркі елінің пірі» деген статус алған кезінде жаңағы Бахауддин Исфиджаб келіп, Ясауиге шәкірт болады. Сонда қараңыз: кезінде ұстаз болған адамды өзіне шәкірт қылып отыр. Бұл бір қарағанда ақылға сыймайтын жағдай сияқты көрінеді. Бірақ мұның ерекшелігі бар. Оның ерекшелігі – Ясауи ілімінің ерекшелігі. Бұл ілім «тарихат» деп аталады. Ясауидің тарих сахнасына шығуы осы далада тарихаттардың дәуірін бастап отыр. «Тарихаттар дәуірі» деген «не дәуір» деген сұрақ туындауы мүмкін. Суфизмінің үш қабаты бар. Соның бірі – тарихат қабаты. Тарихат қабаты адамдармен тікелей сұқбат арқылы ислам дінін тарату қабаты. Бұл жердегі негізгі инструмент – адамға адам ретінде қарау. Ол христиан ба, отқа табына ма, пұтқа табына ма, бұған қарамайсың. Бүкіл адамзатты Алла жаратты. Бүкіл әлем – Алланың жаратқан мақұлығы. Сен кез келген мақұлыққа, кез келген жаратылған әлемге Алла үшін махаббатпен қарауың керек. Себебі барлығы Жаратқанның өнімдері. Сондықтан бүкіл адамдарға бір көзбен қарау керек. Түркі халқының исламдану немесе ислам өркениетінің, мәдениетінің қабаттарында болмыстық сипатты өзгерткен қабаттың басында Ясауи бабамыз тұр. Ясауи өмір сүрген уақытта әскери бекіністер болды. Ясауи тарихаты – тарихат ретінде әскери тарихат. Сондықтан да Сайрам мен Түркістан немесе Яссы арасындағы байланыстардың негізгісі мемлекеттің шеткі аймақтарын қамтитынында жатыр,-дейді Досай Кенжетай.
Ясауиді Ясауи еткен – әкесі Ибраһим
Белгілі профессор лекция барысында Қожа Ахмет Ясауидің туған жеріне қатысты тың мәліметтерді таныстырып, тұлғаның ата-анасы жайлы ақпараттарды әңгімеледі.
– Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим осы Исфиджабта өмір сүріп, қызмет еткен. Ғалым және өте атақты шейх болған. Біз бертінге дейін Абай, Абай дедік. Кейін келе «Абайды Абай қылған Құнанбай» дедік. Сол сияқты осы Ясауи тұлғасының шығуына Ибраһим Шейхтің Ясауиге дейінгі әрекеттерін айтуымыз керек. Себебі Исфиджаб деген қала Ясауи дүниеге келмей тұрып, 100-150 жыл бұрын ислам дінін қабылдаған жер. Міне, маңызды кеңістік, маңызды орталық. Осылайша туған жерін білдік. Ясауидің әкесін айтқандықтан анасын да айтуымыз керек. Анасы Исфиджабтағы Мұса шейх деген Хазрет Ибраһимнің жан досы, қызметтесінің қызы – Айша. Қазақ тілінде Қарашаш ана деп кеткенбіз. Аңыз бойынша Ясауи 7 жасында жетім қалғаны айтылады. Кейіннен әпкесі Гауһар Шахназдың тәрбиесінде болды. Қожа Ахмет Ясауидің Ибрахим, Абдулла деген ұлдары болған. Пайғамбарымыздың ұлдарының атауы. Бірақ екі ұлы да қайтыс болып кеткен. Бұл туралы сәуір аңызы дегенді білесіздер. Сәуір халқы деген Ясауидің жұмыс істеуіне, ілім таратуына, құндылықтарын таратуына кедергі болған үлкен бір топ болған. Оны «сәуір халқы» деп атаймыз. Аңызда солар суға таласып, баланың өмірі тоқтаған. Ол жерде суға емес Ясауидің тұлғасына деген талас, қызғаныш бар. Оның ықпалына деген көреалмаушылық бар. Кейбір деректерде Ясауидің хан тұқымынан шыққаны туралы да айтылады. «Ол қандай хан тұқымы» дегенде Ясауидің дәуіріндегі басты хан тұқымы Қарахан әулеті туралы айтады. Аңыз түбі — ақиқат. Тарихи тұлғалығы ашылған сайын бұл мәселелер ашық болады,-дейді Досай Кенжетай.
«Қазір «құндылықтар соғысы» жүріп жатыр»
Досай Кенжетай Ясауидің туған жеріне қатысты кеңінен мәлімет беріп, тұлғаның қай жылы туып, қанша жасағанына қатысты да көптеген деректер бар екенін айтты.
– «Қожа Ахмет Ясауи бабамыз қай жылы туды» деген сауалды да келісе алмайтын жеріміз көп. Ясауи өзінің 125 жыл өмір сүрдім деген хикметін негізге ала отырып, 125 жыл өмір сүргізіп қоямыз. Біреулер 63 жыл өмір сүріп, содан кейін жер астында 10 жыл болып, 73 жасаған дейді. Қазір мұны көзбен көрген сияқты жаза беретіндер де бар. Ясауидің туған жылы мен қайтыс болған жылының арасында бір ғана дата бізге белгілі. Ол 1166. Бұл өлген жылын ғана білдіреді. Бұл мәлімет қайда бар десеңіз? Бұл Уайс Кашифидің еңбегінде жазылған. Соның негізінде 1166 яғни 12-ғасырдың екінші жартысында қайтыс болғанын білеміз. Ал қай жылы туғандығы болашақта тарихи деректердің ашылуымен, осы саладағы ғылымның ілгерілеуімен ашыла береді. Ең бастысы біз қай жерде туып, қай жылы қайтыс болғаны санамызда да тарихи танымымызда да айқын мәселе. Ясауиді 13-ғасырда да өмір сүргізіп қоятындығы жайлы ғылыми деректер жүреді. Себебі Ясауи тұлғасымен Түркістан екеуі тұтас. Егер ол 13-ғасырда өмір сүрсе, онда Түркістан деген категорияның сыртына шығып қалады. Екіншіден Ясауи, Әзірет Сұлтан деген тұғыр ол түркменге де, оғызға да қыпшаққа да қарлұққа бәріне бірдей ортақ қоғам. Енді 13-ғасырда өмір сүргізіп қою – ортақ қоғамға деген оның тобығын ажырату. Тұтас Түркістан деген атауға жік салу. Уақыт өте келе тарих қайтадан түсіндіріліп, ұмытылып жатқан жағдайлар болады. Мына жаһандану, сыртқы қысымдар, құндылықтар тек қана физикалық адам санасына, ел санасына әсер етумен өзгертумен, күдік шалумен жүріп жатқан бір күрес. Мұны «құндылықтар күресі» деп атайды. Ал Ясауи тұлғасы – біз үшін үлкен құндылық. Біздің айыбымыз оны сезіне алмай келеміз. Қазақ болып, басқа болып, бабамыздың тұлғасын сезіне алмай жатқан жағдайымыз бар. Бірақ сырт көз солай қарамайды. Олар жалпы қарайды. Болмыстың құндылықтары ретінде қарайды, Құндылықтар ішінде ең динамикалық орталықтар ретінде қарайды. Ясауиды таниды олар. Ресей де, Америка да, қытай да, француздар да солай таныған. Солай тани алмайтын тек қана өзіміз. Қазақ, қырғыз, өзбек түркмен сынды түркі жұрты. Қазіргі жағдайда дүбәра болып қалған,-деді Досай Кенжетай.
Онлайн лекцияға қатысып, Ясауи тұлғасын тану мақсатында көптеген тың ақпаратқа қанық болдық. Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы бір ғана лекциямен өлшенбейтіні анық. Дегенмен, бір жарым сағатта айтылған мәлеттер мен қатысушылар тарапынан қойылған сауа-лдар негізінде біршама деректерге көз жеткіздік. Баба тұлғасын тану – болашақ ұрпақтың борышы болмақ.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №25, 17 маусым 2020 ж