Түркістан қалалық полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны арызданып, таңғы уақытта белгісіз тұлға ауылдық мешіттің садақа жәшігіне ұрлыққа түскенін жеткізді. Оқиға орнына шұғыл жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, ұрылар ашық тұрған есікті пайдаланып, мешітке заңсыз кіріп, садақаға арналған металл жәшігін ашып, ішінен ақша ұрлап кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркелді.

Тәртіп сақшылары қылмыс орнын мұқият тексеріп, куәгерлерден жауап алып, басқа да қажетті іс-шараларды жүргізді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Түркістан қалалық ПБ-ның полиция қызметкерлері мешіттегі ұрлыққа қатысы бар күдіктіні құрықтады. Ол Шардара ауданының тұрғыны болып шықты және полиция басқармасына жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Осыған ұқсас тағы бір қылмысты Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері ашты.

Кезекші бөлімге іргелес жатқан ауылдардың бірінің тұрғыны шағым түсіріп, жергілікті зираттан бейтаныс адам садақа жәшігінен ақша ұрлап кеткендігін жеткізген.
Оқиға орнына жеткен Кентау қалалық ПБ-нің жедел-тергеу тобы шұғыл әрекет етті. Ұрылар барлығы 12 мың теңге көлемінде ақшаны алып кеткенін анықталды. Аталған жайт ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркеліп, полицейлер күдіктіні іздестіруге кірісті.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Кентау қалалық ПБ-нің қызметкерлері күдікті ретінде аталған ауылдың тұрғынын құрықтады.

Тергеу барысында, ер адам мас күйінде түнгі уақытта зират аумағына кіріп, садақаға арналған жәшікті ашып, ішінен ақша алып, одан кейін қылмыс орнынан бой тасалап кеткені анықталды. Айғақты зат ретінде күдіктіден ұрланған ақшалар алынды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам «қолхатта».
Полиция қызметкерлері ер адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және мүлікті қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Бағалы заттар ұрланған немесе жоғалған жағдайда тез арада 102 телефоны бойынша полицияның көмегіне жүгіну керек.

Полиция.кз