Үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Біртанов Елжан Амантайұлы жаңа медициналық орталықтың жұмысымен танысты.

Жұқпалы аурулар госпиталінде дәрігерлер коронавирустық инфекцияға күдікті барлық пациенттерді қабылдайтын болады.

Жаңа инфекциялық госпиталь жобасының ерекшелігі – пациенттерге білікті медициналық көмек көрсету үшін операциялық блок пен перзентхана залының заманауи үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтылуы. Госпитальде барлығы 160 жұқпалы төсек орын, 20 боксталған палата және 20 реанимациялық төсек бар..

Ең бастысы инфекциялық госпиталь барлық қажетті заманауи медициналық техникамен жабдықталған. Нақтырақ айтқанда, жаңа орталықта : компьютерлік томограф, сандық рентген және 20 ИВЛ аппараты орнатылған.

Елжан Амантайұлы госпитальдің сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндігі зор екендігін және медициналық инфоқұрылымның дамуына ерекше көңіл бөліп жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ еліміздің денсаулық сақтау министрі қауіпті індетпен күресуде біліктігін танытып жатқан ақ халатты абзал жандарға алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Министрдің сөзінше, алдыңғы шепте коронавирус індетімен күресіп жүрген еліміздегі медицина мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалуда.