Шымкент көшелері көк тумен көмкерілді. Бүгін рәміздер күніне орай қаладағы Нұрсәт шағынауданындағы үйлерге көк тулар тігілді. Әр терезеден мен мұндалаған жалауларды көріп, тұрғындар да дән риза. Сөздерінше, мұндай көрініс жұрттың рухын көтеріп, патриоттық сезімін оятады.


Шымкенттік еріктілер бүгінгі күнді тәуелсіздік саябағында әнұран шырқаумен бастады. Рәміздер күнін карантин режимінің көлеңкесінде қалдырмаған олар жүргіншілерді ді құттықтады. Және тұрғындарға сұрақ қойып, білімін сынап көрді. Алайда, шымкенттіктер арасында мемлекеттік рәміздер авторын, тарихы мен атаулы күнді білетіндер көп кездескен жоқ.

Елдің сауатын тексеруден бөлек жастар қаланы көк тумен де көмкеріп тастады. Көк ту бұған дейін бірлік күнінде Әл-Фараби ауданында көтерілсе, бұл жолы Қаратау ауданында тігілді. Нұрсәт шағын ауданындағы бір көшені бойлаған көрініске көпшілік те дән риза.

Барлығы 100 жалау таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін ел назарына ұсынылады. Жауаптылар сөзінше жаңа бастама игі дәстүрге айналуы мүмкін. Енді бойдағы рухты көтеретін қадам Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығында ауқымды түрде ұйымдастырылмақ.


Жандос Қалтаев, қалалық отбасы, балалар және жастар істері бойынша басқарма басшысы: «Осындай қарапайым ғана қадамның өзі үлкен патриоттың сезім ұялатады деп айтады жүректеріне. Екінші жағынан кейбір көршілері азаматтар бізге де ілсек бола ма деп шын ілтипатын естігенде қуанасың».

Ұлттық символға деген сый-құрметін шымкенттіктер әлеуметтік желіде де жарыса жариялады. Бір-бірінен қалыспаған олар челлендж жолдап, мемлекеттік рәміздер күнін карантин талабына сай өткізді.

Назерке Үкібасова